Жерлесіміз Дубайдағы жарысты өте сәтті бастап, тек кіл мықтылармен шеберлік сынасты. Атап айтар болсақ, турнирдің алғашқы айналымында жуырда ғана «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open бәсекесінде жеңімпаз атанған АҚШ өкілі София Кенинді қапы қалдырса, ширек финалда әлемнің үшінші ракеткасы чехиялық Каролина Плишкованы екі сетте 7:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда әлемнің 15-ракеткасы хорватиялық Петру Мартич Рыбакинаның қарқынына төтеп бере алмады.
Бұл жарыста отандасымызды тек жарыстың бірінші, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған румыниялық Симона Халеп қана тоқтата алды. Бас жүлде үшін өткен жарыста Халеп екі сетте 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бұл Елена Рыбакинаның жыл басынан бергі төртінші финалы. Өкінішке қарай, тек біреуінде ғана жеңіске жеткен қандасымыз осымен үшінші финалында жеңіліс тапты. Әйтсе де, Рыбакина бұл жетістігінің арқасында әлемдік рейтингте 17-орынға көтеріліп, еліміздің теннис тарихындағы рекордын жаңартты.