Саясат • 24 Ақпан, 2020

Негізгі ұғымдар жүйеленеді

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қоғамда «Қазақстан Республика­сындағы бейбіт кездесулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының тұжы­рымдамасы қызу талқыланып жатыр. Бұған біз де белсенді араласып, сарапшылардың арнайы басын қосып, жаңадан қабылданатын заңға қатысты пікір-ұсыныстарымыз­ды білдірдік. Өз ойымызды ғана ортаға салып қоймай, көпшіліктің үніне де назар аударып, сұрақтарына жауап бердік. Бұл үшін біздің жиын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Оны 3 мыңнан аса адам тамашалап, 200-ден аса азамат пікірлерін жазып, сауалдарын жолдады.

Негізгі ұғымдар жүйеленеді

Жалпы, митинг туралы заң қабылданбастан бұрын, оның тұжырымдамасы халық арасында осылай кеңінен талқыланғаны дұрыс деп санаймын. Осылайша жаңа заңға қатысты көпшіліктің көтеріп жүрген мәселелерінен барынша хабардар боламыз. Бұл аталған заңда азаматтардың пікірлерін ескеруге септігін тигізеді.

Жаңа заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру­шылардың, қатысушылардың және бақылаушылардың мәрте­бесін анықтайды. Бұған қоса заңда журналис­тердің құқықтары мен міндеттері де жазылады. Митинг өткізудің тәртібін реттейтін заң осынысымен маңызды.

Митинг деген – азаматтардың билікке өз талап-тілегін жеткізудің құралы. Бұл құралды тиімді пайда­лануды реттеу үшін жаңа заң қабылдау қажет. Өйткені қоғам өзгергенін, соған сәйкес жаңа талаптарға жауап бере алмайтын бұрынғы заңның ескіргенін уақыт көрсетіп отыр. Әрі митинг туралы заң азаматтық қоғамға бастайды. Бүгінде көшеге шықпаса да, әлеуметтік желілер арқылы көкейкесті мәселелер көтеріп жүрген азаматтар баршылық. Және олардың төңірегіне топтасқан адамдар да бар. Ондай белсенділердің желідегі өткір сын-ескертпелерінің бәрі жететін жеріне жетіп, ескеріліп жатыр. Сондықтан бізге құр эмоцияға салмай, ойымызды салмақты, байыпты жеткізуіміз керек. Аталған заң осындай мәселелерді жүйелейді. Бұл заңның қажет екенін және тезірек қабылданғанын халық та, билік те түсініп отыр.

 

Мұрат ӘБЕНОВ,

қоғам қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі