Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Оралда пара берген жүргізушілер ұсталып жатыр

1418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкеріне пара ұсынбақшы болған жүргізушілер ұсталды. Жол ережесін бұзған автокөлік иелері осы құқықбұзушылық үшін хаттама толтырған полиция қызметкерлеріне ақша ұсынып, жауапкершіліктен жалтармақ болған.

Оралда пара берген жүргізушілер ұсталып жатыр

2020 жылғы 13 ақпан күні түнгі сағат 02.30.-да «Hyundai Accent» маркалы автокөлігінің 1971 жылы туған жүргізушісі Ж.Молдағалиев көшесінің бойында жол ережесін өрескел бұзып, «Кіруге тыйым салынады» деген аймаққа көлікпен кіріп кеткен.

«Әкімшілік құқық бұзушылықты бірден байқаған Орал қалалық Полиция Басқармасы патрулдік полиция бөлімі инспекторлары полиция капитаны Р.Өтегенов және полиция лейтенанты С.Сырымов автокөлікті тоқтатып, әкімшілік заңнаманың нормаларына сай тиісті шара қолдану кезінде жүргізуші оны әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін лауазымды тұлғаға 2 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Полиция капитаны Р.Өтегенов бұл жәйтті басшылыққа баяндады. Сөйтіп, БҚО Полиция Департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Аманжолов көшесінде орналасқан «Нұр Отан» әкімшілік ғимаратының жанында әлгі жүргізушіні парасымен бірге ұстады. Құқықбұзушыға әкімшілік өндіріс қозғалды» деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

Осыған ұқсас оқиға 2 ақпан күні Орал қаласындағы Н.Назарбаев даңғылында орналасқан «Достық» сауда үйі жанында болған еді. Ол жерде де полиция капитаны Р.Өтегенов жол ережесін бұзған «Lada-2110» маркалы автокөлік иесі ұсынған 1 мың теңге парадан бас тартқан екен. Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ал 30 қаңтар күні Сырым Датұлы көшесінің бойында орналасқан «Виктория» қонақүйінің жанында взвод командирі полиция аға лейтенанты Нұржан Гумировке патрульдік автокөлік салонында 5 мың теңге ақша ұсынғаны үшін Орал қаласының 40 жастағы тұрғыны ұсталған болатын.

 

Батыс Қазақстан