Бұл көрсеткіш осыған дейін айтылған ресми мәліметтен әлдеқайда көп. Иранның денсаулық сақтау министрлігі ақпаратты ресми растамай отыр.
ILNA агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Кум қаласының ресми өкілі Ахмад Амириабади Фарахани қалада 250-ден астам адам карантинде екенін хабарлаған.
Қытайда жыл аяғында пайда болған вирус Азияның өзінде 78 мыңнан астам адамға жұққан. Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы індеттен қаза болғандар саны 2500-ден асқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ вирустың жаңа түрі әлемнің кем дегенде 28 еліне тарап үлгерген. Өзге елдерде тіркелген жағдайлардың көпшілігі Қытайдан келген жолаушылардан жұққан болуы мүмкін делінген.
Иран, Италия және Оңтүстік Кореяда індетке шалдыққандар санының күрт өсуі ғаламдық деңгейде қауіптің пайда болғанын көрсеткендей. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың Иран мен Италияда таралуына байланысты алаңдаулы екендерін жеткізді.
Сондай-ақ Иран билігі вируспен күресу мақсатында елдегі мектептер, жоғары оқу орындары мен мәдениет ошақтарын жабу туралы шешім қабылдаған.
Көрші елдер Ираннан келген жолаушылардың арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеп, шекараны жабуға мәжбүр болған.
Кувейт бүгін Иранның Мешхед қаласынан келген үш адамнан вирус белгілерін анықтады. 53 жастағы Кувейт азаматы, 61 жастағы Сауд Арабиясының азаматы және 21 жастағы науқас қазір Кувейтте емделіп жатыр.
Канада, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейн елдері де Ираннан келген жолаушылар арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеген.