Қазақта арақты «атаңнан қалған ас емес», деп те жатады. Алайда, кеңестік кезеңнен қалған бұл дағды әлі де қоғам өмірінен аластағысы жоқ. Отбасындағы берекесіздік, жолдардағы апаттар соның жарқын салдары десек қателеспейміз.
Қазақта арақты «атаңнан қалған ас емес», деп те жатады. Алайда, кеңестік кезеңнен қалған бұл дағды әлі де қоғам өмірінен аластағысы жоқ. Отбасындағы берекесіздік, жолдардағы апаттар соның жарқын салдары десек қателеспейміз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Орталық Азия елдері арасында Қазақстанды ішімдікті ең көп тұтынатын ел ретінде көрсетіпті. Бұған сену де қиын. Әйтсе де, халықаралық ұйымның келтірген мәліметтерін назардан тыс қалдыруға тағы болмас. Сонымен, аталған Ұйымның мәліметіне қарағанда, еліміздің әр тұрғынына шаққандағы тұтынылатын таза этил спирті жылына 11 литр екен. Негізінен алкоголь өнімін тұтыну әр тұрғынға шаққанда жылына 8 литрден аспауы тиіс. Егер тұтыну мөлшері бұдан асып кетсе, онда ол ұлттың азғындалуы мен құлдырауына алып келетін көрінеді. Өкініштісі сол, қазір еліміздің ауылдық жерлерінде ішімдік ішу әлі де азаймай отыр. Той-томалақтардың ішімдіксіз өтуі өте сирек. Оған қарсы күрес жүргізіліп жатқанына еш күмән жоқ. Бұл бағытта бірқатар шаралар да қарастырылуда. Тіпті, маскүнемдер мен қайыршыларға қарсы күрес жүргізуді әкімдіктерге бекітіп беру де ұсынылып отыр.
Қазір Ресейдің өзі осы мәселеге қатысты көптеген шараларды қолға алуда. Заңнамалар қабылдап, талапты күшейтіп жатыр. Мәселен, рөлге мас күйінде отырғандарға 30 мың рубль айыппұл және 1,5-2 жыл жүргізуші құқынан айыру көзделген. Бұл елде әрбір тұрғынға шаққандағы спирттік ішімдікті тұтыну жылына 10 литрден аспайды екен. Ойланатын-ақ мәселе. Ал Қытай спирттік өнімдерді аз тұтынатын елдер қатарында тұр. Бұған Түркия мен Тәжікстанды да қосуға болады.
Бұдан шығатын қорытынды – талап пен тәртіпті барынша күшейтіп, ішімдік атаулының қоғамымызға жат екенін кеңінен насихаттау. Мүмкін, сонда жаман әдеттен біртіндеп арылатын шығармыз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».