15 Тамыз, 2013

Ел тұлғаларымен мықты

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 Академик Жабайхан Әбділдиннің мақаласы «Вопросы философии» журналында жарық көрді

Әлем-жәлем әлемде қилы-қилы кезеңнің қиыншылықтарына бой алдырмай, оқырманының көзайымына айналып келе жатқан бірегей басылымдар жоқ емес. Бар. Бірақ көп те емес.

 

Академик Жабайхан Әбділдиннің мақаласы «Вопросы философии» журналында жарық көрді

Әлем-жәлем әлемде қилы-қилы кезеңнің қиыншылықтарына бой алдырмай, оқырманының көзайымына айналып келе жатқан бірегей басылымдар жоқ емес. Бар. Бірақ көп те емес. 1947 жылдан бері Мәскеуден ай сайын үзіліссіз шығып келе жатқан «Вопросы философии» журналы сол санаулылардың санатында. Э.Агации (Италия), Ань Цинянь (Қытай), Ю.Хабермас (Германия), Р.Харре (Англия), В.Лекторский (Ресей) сынды атақты философ-ғалымдар шоғырланған халық­аралық редакциялық кеңесінің құрамынан-ақ осы ғылыми- теориялық журналдың беделінің аса жоғары екенін аңғаруға болады. Бүгін біз бұл журналға тектен-тек назар аударып отырған жоқпыз. Басылымның үстіміздегі жылғы 5-саны біздің отандасымыз Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлемдік деңгейдегі философ Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің «Зама­науи ғылыми-теориялық танымның логикасы» деп аталатын көлемді мақаласымен ашылғанын оқырманға жеткізсек дейміз.

Ғұмыр бойғы ізденістерінің қорытындысы деуге де болатын бұл еңбегінде автор өзінің көп жылдық зерттеулеріне сүйе­не отырып, осы заманғы ғылы­ми танымның диалектикасы мен логикасына қатысты ой-тұжы­рым­дарын ортаға салады, заманауи ғылымның дамуындағы үлкен серпілістердің ғылыми-теориялық таным логикасының өзгеруіне тікелей байланысты екенін дәлелдейді. «Жабайхан Мүбәрәкұлы – Қазақстан философиясын дамытуда айрықша рөл атқарған тұлға. Оның еңбектері ресейліктерге де жақсы таныс. Ол – диалектика саласындағы аса ірі мамандардың бірі, философия теориясының маңызды проблемаларын зерттеуге арналған ғажайып еңбектердің авторы. Оның жетекшілігімен диалектикалық логика және диалектика тарихы туралы көптомдық іргелі еңбектер жарық көрді. Диалектикалық логи­каның қазақстандық мектебінің қалыптасуы мен өрлеуі оның есі­мі­мен тығыз байланысты» деп жа­зылған редакция атынан берілген мақаланың аңдатпасында.

Журналдың осы санында, сон­дай-ақ, Ж.М.Әбділдиннің үстіміз­дегі жылы жарық көрген шығар­малар жинағының он томдығы туралы мақала да жарияланған. Мақала авторы Г. Лобастов Ж.Әбділдиннің есімі Қазақстаннан тысқары жерлерде де жақсы мәлім екенін, оның таңдамалы еңбектерінің танымның диалектикалық әдістерін негіздеуге бағытталғанын, Бүкіләлемдік фи­ло­­со­фиялық конгрестерге тұ­рақ­ты қатысып келе жатқан ғалымның әлемдік философияның және әлеу­меттік-саяси шындықтың жағдайы мен проблемаларын талдауға ар­нал­­ған баяндамалары мен мақа­ла­ла­ры­ның аса құндылығын атап көрсетеді.

Біздің еліміздің бәсекеге қабі­лет­ті дамыған мемлекеттердің қата­рына қосылуды мұрат тұ­тып, сол жолда аянбай тер төгіп жатқаны әмбе жұртқа аян. Бұл – бос сөз, жалаң ұран емес, нақты мүмкіндіктерге негіздел­ген терең мазмұнды ұлы мақсат. Оның орындалатынына сенесің. Өйт­кені, ұлттың бәсекеге қабілет­ті екенін айшықтап, қазақтың атын шығарып жүрген ұл-қыз­дары аз емес. «Вопросы философии» журналындағы әлем ойшыл­дарының арасынан өз орнын ойып алған атақты ғалым Ж.М.Әбділдин туралы мақалаларды да оқи оты­рып, Қазақ елінің, қазақ ғылы­мы­ның қарыштап дамып келе жатқанына тағы бір көз жеткізесің.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».