Ауыл • 24 Ақпан, 2020

Ауыл – ұлттың ұйтқысы дейді қаржы саласының ардагері Мұхит Қабылұлы

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің шалғай аудандары мен ірі елді мекендерінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өрелі өзгерістер болып жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әйтсе де «көрмес түйені де көрмес» дегендей мұндай өміршең жобалар мен ауқымды істерді көргісі, елегісі келмейтін адамдар да жоқ емес. Керісінше ел ішіндегі жақсылықтар мен жаңалықтарды жаны сүйетін, оны мақтан тұта алатын ой-өрісі жоғары, парасат-пайымы биік азаматтар да жетерлік.

Ауыл – ұлттың ұйтқысы дейді қаржы саласының ардагері Мұхит Қабылұлы

«Егеменнің» Ақтөбе қаласындағы тілші қосымына шалғайдағы Темір ауданынан арнайы келген ақсақал, қаржы саласының ардагері Мұхит Қабылұлын дәл осы қатарға қоюға әбден болады-ау деген ойға келдік. Өйткені ол «Егеменге» жеке бастың қамымен емес, ел ішінде атқарылып жатқан сан алуан істер мен тындырымды жұмыстар жөнінде айтуды қажет деп тауыпты.

– Бәсекеге қабілетті ел болу үшін біз ең алдымен ежелгі төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді және ұлттық кодымыз бен отаншылдық сезімді сақтай білуіміз керек. Мұның бәрі туған жерге деген сүйіспеншілітен бастау алады деп білемін. Ауылдастарымның бойында осындай қасиеттердің тоғысуы мені әр кез ризашылық сезімге бөлейді. Ауыл – ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы емес пе?! Өркениетті елдер көшінің қатарында болумыз жолында ауылдың арқалайтын орны мен жүгі қашанда ерекше, – деп бастады ол өз әңгімесін.

Келесі кезекте Мұхит аға бұдан екі жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қабылданған «Ауыл – ел бесігі» жобасы барлық жердегідей Темір ауданында да қызу қолдау тапқанын, әрі аталған жоба аясында әжептәуір істер қолға алынғанын айтып берді. Оның айтуынша мұнда қордаланып қалған басты проблеманың бірі –  жол қатынасы болса, өткен жылы  90 миллион теңгеге жуық қаражатқа аудан орталығы Шұбарқұдықтағы көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ұзындығы үш километрге жуық автомобиль жолы салынып, ел игілігіне пайдалануға беріліпті.

Сондай-ақ елдің қадірменді ақсақалы аудан орталығында бұған дейін арнайы тұрғызылған орын болмағандықтан күреспен шұғылдануға бекем бел буған жастар жаттығуларды Мәдениет үйімен жапсарлас орналасқан бөлмеде жасап келгеніне тоқталды. Ал екінші бір күрес залының бірін халыққа қызмет көрсету орталығындағы кабинеттердің бірі атқарған.

Жергілікті атқарушы орган жетекшілері мен ел тұрғындарының өзара ауызбіршілігімен іс-қимылдары нәтижесінде бұл мәселе де «Ауыл –  ел бесігі» жобасы шеңберінде шешімін таба бастапты. Сөйтіп «Қызылжар» деп аталатын шағын ауданда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталыпты. Биылғы 2020 жылдың басында оған республикалық және облыстық бюджеттерден тағы да қосымша 130 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген екен.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамыту ісіне үлкен септігін тигізе алатын келісті кешеннің жалпы құны 580 миллион теңгені құрайды. Оны пайдалануға беру биылғы жылдың күз айларына белгіленген, – деді «Егеменге» елден келген ақсақал Мұхит Қабылұлы. Сөз арасында ол саналды ғұмырын қаржы саласына арнағандықтан да осындай нақты деректерді алға тарта сөйлегенді жаны қалап тұратынын жеткізді.

Әңгімесінің аяғында ол Темір ауданында бұдан өзге де атқарылып жүрген іс-шаралар мен жобалар баршылық екенін, сондықтан да бұл бағыттағы бастамалар бас басылым бетінде жарық көруін аманат ете келгенін айтты. Әлбетте, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Оны орындамау күнәлі істің қатарына кіреді. Сол себептен де алыстағы ауданнан арнайы келген ақсақалдың аманатын орындау үшін осы жолдарды жазып, редакцияға жолдағанды жөн көрдік

 

Ақтөбе облысы

Темір ауданы