15 Тамыз, 2013

Жемісті жұмысқа – жайлы нысан

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

IMG 8683-1«ӨзенМұнайГаз» АҚ қарас­ты Бұрғылау жұмыстары басқар­масында 700 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға берілді.

IMG 8683-1

«ӨзенМұнайГаз» АҚ қарас­ты Бұрғылау жұмыстары басқар­масында 700 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға берілді.

– 2009 жылдан бері Өзен кен орны жаңа әлеуметтік нысандармен үздіксіз толығып келе­ді. Осы жылы да Компания әлеуметтік құрылыстың барынша қарқынды іске асуына жол ашып отыр. Бұрғылау жұмыстары басқармасында пайдалануға беріліп отырған зәулім тұрмыстық-шаруашылық кешен осы бағыттағы істеріміздің бірі ғана. Басқарма ұжымына ізгі тілегімді білдіремін. Жаңа нысан игіліктеріңізге жарасын, деді нысанның ашылу салтанатында «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров.

Расында, Өзен кен орнында жұмыс істейтіндерге арнап ашылып жатқан түрлі нысандар туралы газет бетінде тұрақты жариялап келеміз.

Құрылысты жүргізген мердігер «ССТ» ЖШС-і табыстаған бұл тұрмыстық-шаруашылық кешенде жабдықталған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары және тынығу бөлмелері бар. Бұдан басқа басқарма аумағында автокөлік қоюға арналған бокстың, жөндеу шеберханасының ғимараттары салынуда. Жыл соңына дейін басқарманың әкімшілік ғимараты пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Біз бұл нысанның ашылуын асыға күттік. Шынымызды айтсақ, жаңадан құрылған басқармада бой көтерген барлық нысан біз үшін өте ыстық көрінеді. Ұжымдастарыма игілігімізге беріліп отырған жаңа кешен құтты болсын, әрқашан қуаныштарымыз көп болсын» дейді жаңа нысанның лентасын қиған басқарма жұмысшысы, еңбек озаты Жаңабай Қойлыбаев.

Жемісті жұмысқа жайлы жағдай бастайды. Өзен кен орнында соңғы кездері бірінен соң бірі ашыла бастаған жаңа ғимараттар легі – осы мақсатқа бастайтыны анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.