Экология • 25 Ақпан, 2020

Орманды сақтауға бағытталды

882 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандағы экологиялық конъюнктураны жақсартуға БҰҰ Даму бағдарламасы және Bitfury Group компаниясы септесетін болады. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде мүдделі тараптар тиісті уағдаластыққа қол жеткізді. Белгілі болғандай бірлескен жұмыстар орман алқаптарын ұлғайтуға бағытталған.

Орманды сақтауға бағытталды

Бүгінде еліміздің жасыл қал­­­қа­нын ұлғайту мақсатында бір­лескен жоба әзірленіп жатыр. Осы арқылы парник газ­дарының көлемін азайту көз­деліп отыр. Сарапшылардың баға­лауынша, Қазақстандағы орман көміртегінің жалпы көлемі 718,3 млн тоннадан астам көміртегі диоксиді эквивалентіне тең. Жасыл белдеудің 4,6%-дан 5%-ға дейін артуы көміртегінің ормандар арқылы сіңірілуін жылына қосымша 2,9 млн тоннаға дейін ұлғайтуға көмектеседі екен. Бұл ретте орман алқаптары су ресурстарын, биоалуандылықты, сондай-ақ экотуризм сынды бағыттарды реттеп, оң ықпал ететі­нін айта кеткен орынды.

Қазақстан 2016 жылы кли­маттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімін ратификациялап, же­ке сектордың қатысуымен инно­вациялық шешімдерді жұмыл­дыру арқылы 2030 жылға қарай парник газ шығарындысын 15%-ға қысқартуға жоспар қойды.

– Қазір Қазақстандағы ауаның негізгі ластаушылары көлік және энергетика салалары. Жыл сайын экожүйеге түсетін салмақ артып барады. Яғни, ормансыз, парник газының көлемі өсе түседі. Демек, Париж келісімінің мақсаттарына жету қиындады. Мұндай жағдайда мемлекеттен бөлек, жеке бастамалардың да маңызы зор. Сондықтан біз Bitfury Group ком­паниясының климатты қорғау саласындағы бастамасын қол­даймыз, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

БҰҰ Даму бағдарламасы жаңа эко­логиялық кодекстің жобасына бірнеше заңнамалық ұсыныс әзірледі. Оның ішінде ормандарды бағалаудың жаңа әдіснамасы, сондай-ақ БҰҰ-ның климаттық келісіміне сай Қазақстандағы зиян­ды шығарынды заттарды азай­­ту жөніндегі жобалар қам­тыл­ған.

– Қазақстан Үкіметіне қорша­ған ортаны қорғауға арналған заң­­­наманы жетілдіруге және таби­­ғатты тиімді басқару үшін қар­­­жылық мәселелерді шешуге көмектесуді жалғастырамыз. Әсі­­ресе жекелей бастамаларды ынта­ландыруға мән берілмек, – деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақ­­стандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды. Серіктестер Қазақстанда орман алқаптарын ұлғайту және орман пайдалану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ климаттың өзгеруі туралы жұрт­шылықтың хабардар болуын күшейту есебінен парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша жұмыс істейтін болады.

Қазақстандағы Bitfury Group Ғалам­дық кеңсесі әкімшілігінің басшысы Вадим Крутов жаһан­дық экологияны қорғау үшін тұрақты даму мақсаттарын то­лық қол­дай­тынын, компания Қазақ­стандағы парник газының көле­мін азайту бағытындағы бір­лескен жұмыстарға толығымен әзір екенін жеткізді.