«Дәстүрлі ән қазақ мәдениетінің сан ғасырлық құпиясын өз қойнауында бүгіп жатқан қойма тәрізді. Соның ішінде Алтай, Тарбағатай әндері ойдағы және қырдағы бауырлардың сағынышынан, табиғаттың әсем келбетіне деген сүйіспеншіліктен туындаған. Соның ішінде салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың да көрінісі бар. Жалпы, қазақ мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі», дейді «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі Секен Сыздық.
Орындаушылық мәнері бір бөлек, шығармашылық бітімі басқа Алтай, Тарбағатай әндерімен қоса, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі де авторлық шығармалар мен күйлерді тарту етті. Көпшіліктің қошеметіне бөленген өнерпаздар арасында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қарагөз Гасимова жетігенмен концерттің нақышын келтірсе, Мәдениет саласының үздігі Шығыс Мақан сыбызғыда өңірге тән әуенді ансамбльдің сүймелдеуімен ұсынды. Сондай-ақ Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Данияр Мұқан, Жазгүл Данылбаева, Жақсыгелді Маясаров, Айнұр Қонысбаева, Нұржан Мейірхан, Алуа Қалымбекова, Айдос Оңғарбай қатарлы әншілер көпшілікті ерекше әсерге бөледі.