Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

«Таң-шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының көрмесі өтті

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қастеев музейінде өткен көрмеде қылқалам шеберлерінің  түрлі жанрдағы 130-дан астам туындылары қойылды. Суретшілердің бояумен ғана емес, тері, киіз паннолары мен өзге де қолөнерлері келушілерге жол тартты.

«Таң-шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының көрмесі өтті

Алматылықтар мен қала қонақтары түрлі бейнелеу өнерінің бір арнада тоғысқан алаңында нәзік жандылар салған суреттерді тамашалады. Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің мәліметтері бойынша, аруларды қоғамдық өмірге етене араластыруды мақсат еткен шараға отандастарымыздан бөлек Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Австралия, Германия, Канада және АҚШ елінің де кәсіби суретшілерінің жұмыстары қойылды. Туындыларда авторлардың жүрек жылуы мен өнерге деген махаббаты, адам мен табиғат арасындағы байланыс, өмірдің өзекті мәселелері көркем бейнеленеді.

Көрмеге қойылған туындылар бұрын-соңды еш жерде көрсетілмеген. Әр суретші көркемөнер мәнерін, инновациялық әдістерін, креативті ой-тұжырымын түсінікті тілде паш етуге тырысты.  Ұлы өнерде шектеу де, шекара да жоқ. Көрмеге қойылған еңбектер дәйектілігімен, боямасыз табиғилығымен құнды. Нәзік жандылар бейнеленген картиналардан ішкі жылылықты, терең лирикалық құрылымды сезінуге болады, дейді ұйымдастырушылар.

 

АЛМАТЫ