Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері 17 адам жоғалғандар тізіміне енгізілді

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық криминалдық полиция басқармасының ақпаратына қарағанда бүгінгі таңға дейін өңірде із-тұзсыз жоғалған барлығы 49 адам іздестірілуде. Олардың 38-і ер адам болса, 11-і әйелдер.

Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері 17 адам жоғалғандар тізіміне енгізілді

Ақыл-есі дұрыс адамның жоғалуы күмәнді, жоғалған адамдардың тізіміндегі 32-сі маскүнемдікке салынғандар екен. Барлық жоғалғандардың 18-і Петропавл қалалық полиция басқармасының іздестіру жұмыстарына алынған. Қалғандары аудандардың аумағынан жоғалғандар. Соның ішінде 10-ы Қызылжар, 7-і Айыртау ауданында және 5-і Ғабит Мүсірепов ауданының полицияларына тиесілі. Қалғандары 1-2-ден басқа аудандардан жоғалғандар.

Биылғы жылдың басынан бері 17 адам жоғалған деп танылған. Ол туралы криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов былай дейді: «Ағымдағы жылдың қаңтар айында азаматтардың жоғалуы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 17 факт тіркелді. Оның ішінде жетеуі – ерлер, үшеуі – әйелдер, алтауы – кәмелетке толмағандар. 8 адам ішкілікке салынған. Олардың барлығының аты-жөндері белгілі болды. Әсіресе, 14-і бір тәулік ішінде анықталды».

Полиция қызметкерлерінің айтуына қарағанда жоғалған адамдардың кейбірі отбасыларында жақындарымен ренжіскен жанжалдан кейін үйлерінен кетіп қалса, тағы біреулерінің жоғалуына ішімдікке салынулары себепші болады.

Биылғы жылы жоғалғандардың қатарына енгізілген Мейрам Смағұловты, Виктор Раскатовты, Бақыт Хамзинаны іздестіруде криминалдық полиция басқармасы тұрғындардың көмек көрсетуін сұрайды. Бұлар биылдан бұрын жоғалса да із-тұзсыз кеткендердің қатарына енді енгізіліп отыр. Соның ішінде 1976 жылы Тараз қаласында туған Мейрам Смағұлов 2018 жылдың қазан айында Ғабит Мүсірепов ауданының Рузаевка селосындағы үйінен шығып, осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз кеткен. Өзі ішімдікке әуес, үйінен бұрындары да бірнеше рет кеткен екен.

36 жастағы Виктор Раскатов Петропавл қаласындағы үйінен 2019 жылдың 30 қыркүйегінде кетіп қалған. Содан бері хабар-ошар жоқ. Ал қазақ ауылынан шыққан 1971 жылы туған Бақыт Хамзина 2019 жылдың 18 қарашасында Шал ақын ауданындағы Жаңаталап ауылындағы үйінен шығып, белгісіз бағытта кетіп қалған. Күні бүгінге дейін одан еш дерек жоқ.

Айдың-күннің аманында үйінен шығып кетіп, із-тұзсыз жоғалғандардың кейбірінің деректері осындай.

Солтүстік Қазақстан облысы