Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Батыс Қазақстанда «Көктем-2020» жаттығуы басталды

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Батыс Қазақстан облысы аумағында екі күнге созылатын республикалық «Көктем-2020» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Батыс Қазақстанда «Көктем-2020» жаттығуы басталды

Оқу-жаттығу биылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою шараларына азаматтық қорғаныс органдарының күштері мен құралдарын дайындығын тексеру, іс-әрекетті пысықтау үшін ұйымдастырылып отыр.

Оқу-жаттығуды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин басқарып, шараларға батыс Қазақстан облыстық, Орал қалалық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері қатысуда.

Оқу-жаттығу басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашев орталық атқарушы орган өкілдері күш-құралдарының оқу-жаттығуға дайындық жай-күйі, олар өткізген іс-шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Кеңес барысында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу, жою бойынша жедел шаралар қабылдау, орын алған жағдайда шығын көлемін, адам шығынын азайту, төтенше жағдайларда нысандардың қауіпсіз және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету секілді тапсырма берді.

«Көктем-2020» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында Жедел ден қою жасағының дайындығын қараудан басталды. Шаралар жоспарында «Жайықжылуқуат» нысандарындағы ықтимал апаттарды жою, қалпына келтіру іс-қимылдарын практикалық пысықтау, Теректі ауданында апаттық-құтқару қызметтері мен құрамаларының үйлескен іс-әрекеттері мен жолаушыларды эвакуациялау, саяжай аумақтарында тұратын халықты қауіпсіз жерге көшіру, Бәйтерек ауданы бойынша Шаған өзеніндегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды іздестіру, құтқару шаралары секілді ойын-жаттығулары бар.

«Көктем-2020» шарасы аясында соңғы күндері Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарында көктемгі су тасқынына қарсы шаралар тізбегін пысықтаған жиындар, шаралар өткен еді. Мәселен Бәйтерек ауданы әкімінің міндетін атқарушы М.Залмұқанова ауданды көктемгі су тасқыны кезеңінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардан құтқаратын штабты басқарып, Деркүл өзенінің су деңгейі қауіпті көтерілген жағдайда тұрғын үйлерді су басудан сақтау, құм салынған қапшықтар дайындау, су соратын құралдарды әзірлеу секілді шараларды пысықтап шықты.

Ал республикалық жаттығудың ұйымдастырылуы мен өтуін бақылау үшін облысқа келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті өкілі подполковник Бекболат Абдықадыров Қазталов ауданының су тасқынына әзірлігін тексеріп, аудан аумағымен өтетін Қараөзен мен Сарыөзендегі су деңгейін көрді. Іссапар барысында Көктерек ауылы маңынан өтетін Сарыөзен бойында 1967 жылы салынған Мамай, Жаңажол ауылындағы Қараөзен бойында 1981 жылы салынған Ақкөл су сақтау құрылғыларымен танысты. Б.Абдықадыров аудан аумағында су тасқыны қаупі жоқ екеніне көзі жеткенін мәлімдеп, дегенмен де кенет су тасқыны бола қалған жағдайда алдын-алу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Дәл осындай шаралар Тасқала ауданында да өтті. Деркөл өзенінде су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерді су баспауы, мұз кептелісі болмауы үшін өзен бетінде мұз ойылып, бұрғыланды.

Ертең Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесіне қарасты облыстық құрылымдардың және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарының қызметі пысықталатын «Көктем-2020» оқу-жаттығу шараларының практикалық бөлімі өтеді.

 

Батыс Қазақстан