Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Павлодарда АИТВ туралы «Жедел желі» өтті

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде соңғы жылдары АИТВ, яғни Адамның иммун тапшылығы вирусы жұқпасының алдын алу мәселелері бойынша «Жедел  желі» өткізіліп жатыр.

Павлодарда АИТВ туралы «Жедел желі» өтті

Ал жалпы хабарландырулар 8(7182) 73-04-43 телефоны арқылы ақпараттар берілді, яғни өңірде ЖИТС-тың Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оны жою жөніндегі орталық мамандарына мемлекеттік және орыс тілдерінде сұрақтар қойылды.

Облыс орталығындағы ЖИТС орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Роза Апаеваның хабарлауынша, тұрғындар тарапынан «Жедел желі» барысында АИТВ мәселесіне қатысты түрлі сұрақтар қойылған.

Көптеген тұрғын ЖИТС жағдайы бойынша ақпараттандырылған, бірақ оларды көбіне АИТВ-жұқпасының бүгінгі ахуалы ойландырады.

Өз жауаптарында дәрігерлер ақпаратты Денсаулық сақтау басқармасының үнемі жаңартылып отыратын depzdrav.gov.kz сайтынан табуға болатынын айтты.

Сондай-ақ жиі қойылатын сауалдардың  бірі - кішкентай  балалардың тағдыры туралы сұрақ: егер анасының АИТВ белгісі оң болса, онда одан сау бала туу мүмкін бе? 

Сұраушылар жүкті әйелде АИТВ-жұқпасын уақытылы анықтау және жүктілік пен босану кезінде вирусқа қарсы алдын алу емін жүргізу кезінде дені сау баланың туу ықтималдығы жоғары деген жауап алды.

Келесі кезекте ЖИТС-қа қарсы елімізде вакцина жасау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде ме деген сұрақ қойылды.

Бірақ АИТВ-ға қарсы вакцина жасау жөніндегі ғылыми зерттеулер 1983 жылдан бастап шетелде жүргізіледі.

Ал біздің елімізде вакцина жасау бойынша зерттеулер жүргізілмейді. Сондықтан АИТВ-жұқпасын емдеу ЖИТС орталығының дәрігер-инфекционистінің тағайындауы бойынша вирусқа қарсы препараттардың үш және одан да көп жиынтығында жүргізіледі

Тұрғындардың қан құю кезінде АИТВ-жұқпасын жұқтыру мүмкін бе деген сұрақтарына әрине, бірақ мұндай жағдай болмас үшін барлық донорлық қан АИТВ-ға тестіленеді деген жауап берілді.

Сонымен бірге ЖИТС орталығының эпидемиологтары АИТВ-ның алғашқы белгілері туралы  айтып берді.

Ал жастар аумақты тазалау кезінде табылған, ішінде қаны бар еккіш арқылы жұқпаны жұқтыра  аламыз ба, масаның шағуынан қауіптенуге бола ма деген сұрақтар берген.

Орталық дәрігерлерінің айтуынша, осындай сұрақтар тұрғындардың жұқпаны қалай жұқтыратынын және адамдар үшін қандай қаупі барын білмейтіндігін көрсетеді. Бұлай жұқтыру мүмкін емес. Бұл үлкен мөлшерде жаңа қан ғана болуы керек.

Вирус сыртқы ортада тұрақты емес. Масаның тістеуі арқылы вирус берілмейді.

Студент жастар бір адамның АИТВ-жұқпасын қасақана жұқтырғаны үшін жаза түрі бар ма деген сауал қойды.

Еліміздің Қылмыстық кодексінің 116-бабының негізінде өзінде осы аурудың бар екендігі туралы  білген адам басқаға жұқтырғаны үшін, егер бұл әрекет екі және одан да көп адамға қатысты жасалса, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал кәмелетке толмаған болса, 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сондай-ақ облыс тұрғындары, қала әкімінің қаулысы бойынша АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүретін адамдардың жылына 24050 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқығы бар екендігі туралы хабардар етілді.

 

Павлодар облысы