15 Тамыз, 2013

Қайырымдылар қатары көбейіп келеді

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Оқушылар сарайында «Нұр Отан» халық­тық-демократиялық партиясы көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді.

 

Кеше елордадағы Оқушылар сарайында «Нұр Отан» халық­тық-демократиялық партиясы көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді.

Акция барысында балаларға мектепке қажетті жабдықтар табысталды. Бұл іс-шараға қатысқан «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов акцияның жыл сайын өткізіліп жүргенін тілге тиек етті. «1 қыркүйек – балалар үшін үлкен мереке. Биыл Астанада он екі мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Сөйтіп, 82 мектептегі оқушылар саны 86 мыңға жетеді. Бұл үлкен жетістік. Әйтсе де, қоғамда қалыптасқан түрлі әлеуметтік жағдайға байланысты кейбір ата-аналар балаларын мектепке дайындай алмай отыр. Біз осы орайда мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндерге көмектесу ниетімен жыл сайын акция ұйымдастырып жүрміз. Биылғы акция «Болашақты бірге қалаймыз» деген ұранмен өтуде. Бүгін біз осы шараға 150 баланы шақырып, көмек көрсетудеміз. Ал, қала, аудан филиалдары басшыларымен, депутаттармен, қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып 1700 балаға көмек көрсетпекпіз. Мектепке енді баратын бала ешқандай кемшілік көрмеуі тиіс. Олар мектепке барғанда ең қажетті құралдары болуы керек. Біз осы акцияны қоғам болып қолдауымыз керек», деді «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары С.Ахметов.

Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әсия Бимендина акцияға қолұшын берушілердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтты. Одан бөлек биыл жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 40 миллион теңге бөлінген. Соның есебінен білім басқармасы биыл 6 мыңға жуық балаға көмек көрсеткелі отыр. «Біздің Отанымызға білімді, өнерлі, дарынды балалар керек. Өйткені, болашағымыз осындай балалардың қолында. Сол үшін мектеп балаларының барлығына да тең жағдай жасалуы қажет», деді білім басқармасының бастығы.

Шараның соңы концертке ұласты.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.