Елбасы • 26 Ақпан, 2020

Назарбаев лидерлігі: Ұлы даланың өрлеуі

1145 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлы даланың жылнама-жадын жаңғыртып, оны сол күннің биігінен байыптап, болашаққа бағдар еткен, сөйтіп ұлттық код, киелі рәміз, қасиетті ұранға айналған тұлғалар болған. Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Мұны біз терең тарихымыздың тағылымынан жақсы білеміз. Әрбір дәуір тудырған дарабоз тұлға Ұлы дала тарихын жаңа белеске көтеріп отырды. Көшпелі қоғам өзінің көшбасшы жетекшілерінің соңынан ерді. Сол себепті түркі тарихын ілгері сүйреп, дәуір доңғалағын алға жылжытқан қадау-қадау тұлғаларсыз тұтас тарихты, елдік жүйені тану қиын. Ғұлама Абай «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл? Берекеңді қашырма, ел тыныш болса, жақсы сол» дегенде Ұлы дала халықтарының талайғы тарлан тарихынан тағылым түйіп сөйлесе керек.

Назарбаев лидерлігі: Ұлы даланың өрлеуі

Түркі әлемін алып бәйтерек десек, осы қасиетті дарақтың дара тамырлары ғасырлар мен дәуірлердің терең қойнауынан нәр алады. Тұтастық пен ынтымақты ту еткен «түркі әлемі» деген ұғым соңғы жиырма жылдың көлемінде жаһан жұртшылығы тарапынан мойындалып, саяси-әлеуметтік қолданыстарға еркін еніп кетті. Сол ұғымға жаңаша мазмұн беріп, түрлендіріп түлеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда барша түркі әлемінің мойындалған рухани жетекшісі саналады. Сондықтан да оны «түркі интеграциясының архитекторы» деп атайды. Осының айғағындай, бауырлас халықтардың баршасына игілік пен үміт алауын жағып, түбі бір түркі жұртының ертеңін баянды ету жолында Елбасы бастамасымен ірге көтерген Түркі кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сынды түркі халықтары ықпалдастығы құрылымдары бүгінде табысты жұмыс атқарып келеді. Сондықтан болса керек, Әзербайжан Республикасы Ұлттық мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы Жаваншир Фейзиев «Түркі ықпалдастығы» туралы іргелі монографиясында Елбасының жетекшілік қырына арнайы тоқталып, оның өмір жолы бауырлас халықтардың достығы мен жарасымды қарым-қатынасына арналғанын баса айтады.

Әрине бүгінде «Түркі әлемі және Назар­баев феномені» тақырыбын зерт­теу­ді нысан еткен саясаттану­шы ға­лымдар мен публицист-қаламгер­лердің легі елімізде де, шетелдерде де мол екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Елбасының саяси қызметін ұзақ жылдар бойы тұрақты зерттеп шұғылдануымен ерекшеленетін публицист қаламгер, түркиялық белгілі ғалым, профессор Куршад Зорлуның «Назарбаев лидер­л­ігі: Ұлы даланың өрлеуі» атты моно­графиясының орны айрықша деп білеміз. Сондықтан осы мақаламызда монографияға арнайы тоқталуды жөн көрдік.

Автор байсалды сараптама жа­­сау үшін соңғы кезде саясаттану ғы­­лы­мын­да қалыптасқан озық әдіс­намалық-теориялық мүмкіндіктерге иек артады. Сан алуан деректерді дәйекті де дәлелді талдаған зерттеуші еңбектің эмпирикалық бөлімінде лидердің ел ара­сындағы, түрлі әлеуметтік топтар арасындағы бейнесін айқындау үшін сауалнамадан алынған қызықты нәти­желерді ұсынып, әлеуметтік желіні қолданушылардың да тұлғаға деген назарын есепке алады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық пікірдің айнасын өз еңбегінде ұтымды пайдаланады. Кітапты қолға алған әр оқырман Елбасының даралығы мен даналығын ғана емес, сонымен қатар әлеуетті де қуатты Қазақстанның тамаша жетістіктерін, қайнаған өмір-тіршілігін жақыннан танып-түсінетін болады.

Автор әлемдік саясатта белгілі лидер­лер мен қоғамды алға жетелеген жеке тұлғалардың ғұмырбаяны мен қай­раткерлік ерекшеліктерін ұлт лидері Нұрсұлтан Әбішұлының дарабоз тұлға­сымен салыстырып, терең сараптап, қоры­тынды жасайды. Нәтижесінде «Н.Назар­баевтың лидерлігі» шын мә­нісін­де оның әлемдік қауымдастықта бүгін­­дері анық айқындалған «Қазақстан­дық жол» моделімен үндес екендігін көрсетеді.

Автор өз кейіпкерін «Шынайы лидерлік дегеніміз тарихи сын сәтте ұлттық мемлекеттің жоғары мүдделерін айқын көріп, бұған жеткізетін шешімді жолды таба білу», деген анықтамасын негізге ала отырып, лидерлікке өз тарапынан үстеме ретінде үш қасиет қосады. Олар: тұлғалық дара ерекшелік, қайратты іс-әрекет және әртүрлі тосын жағдайға қарай ілкімді өзгеріп отыратын шынайы шеберлік. Зорлуның пікірінше, осы үш қасиет бойына жинақталған тұлға қандай да бір саяси сын-қатерлерде қиыннан қиыстырып жол табуы тиіс. Мем­лекеттің негізін қалаушылар арасында осындай қасиетті бойына сіңіре алған қайраткерлер ғана тарихтың үдесінен шығып, өз халқының үмітін ақтай алады.

Белгілі саясаттанушы ғалым, білікті маман Куршад Зорлу осы пайымдары арқылы лидерліктің қазақстандық моделін аталмыш еңбекте жан-жақты талқылап, кең ауқымды зерттеу нысанына айналдыра алған. Осылайша бүгінгі лидерлік теориялары туралы саяси зерттеулер қатарына «Назарбаев лидерлігі» атты соқталы жаңа мазмұн, саяси-әлеу­меттік соны категория енгізген.

Ауқымды еңбек көлемді үш тарау­дан тұрады. Әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық ауыр да алып кеңістік­терді еңсерген әр тарау жеке-жеке тақы­рып­тармен оқырманға тәуелсіз Қазақстан арқылы Назарбаевты, Елбасы арқылы әлем сахнасындағы Қазақстанды қапы­сыз танытуды мақсат еткен. Бұл мақсат діттеген деңгейде орындалып шыққан деп сеніммен айтуға негіз бар. Бұған осы кітап туралы түркиялық, қазақстандық саясаткерлердің соңғы кездері айтып жатқан оңды пікірлері нақты дәлел.

Жалпы әлемдік лидерлік ұғымын кеңінен тарата отырып, автор Назарбаев лидер­лігін «трансформациялық лидер­лік», «көреген лидерлік» және «тұ­рақты лидерлік» деген ұғымдармен толықтырып, безендіре түседі. Ал өз кезегінде осы толайым ұғымдар арналана келе «Ұлы дала лидерлігі» деген аса айбынды әрі көрнекті бағалауға ұласады. Бұл бағалаудың әсірелеусіз, қоспасыз шынайы әрі дәлелді ғылыми қорытынды екеніне кітапты оқу барысында байыпты көз жеткізуге болады.

Енді осы ұғымдарға автор сипаттау­лары арқылы көз жіберіп көрейік. «Н.Назарбаев лидерлігінің транс­фор­мациялық элемент­тері төрт салада айқын көрінеді, – дейді саясаттанушы К.Зорлу. – Біріншісі, идеология; екін­шісі, мәдениет; үшіншісі, экономика; төртіншісі, мемлекеттік жүйе... Бұл трансформация әлемдегі өзгерістерге синхронды түрде үйлесіммен жүзеге асуда».

«Сырт көз – сыншы» демекші, автор Назарбаев лидерлігінің сан қырлы сырларын салқынқандылықпен сараптайды. Әлем саясаткерлерінің жіті назарындағы Назарбаев көрегенділігі туралы батыл пікірлері де көңіл аударарлық түйіндер: «Н.Назарбаевтың лидерлік деңгейіне көтерілуіндегі ең ықпалды фактордың бірі – келешектің келбетін сызып, арман-қиялды шындыққа айналдыруы», дейді автор. Бұл пікір де тиісінше Елбасының көптеген мега-жоспарының сәтті жүзеге асырылғаны туралы қорытынды пікірмен дәйектелген.

Н.Назарбаев бойындағы тұрақты лидерлік қасиетті де автор «Дамудың қазақстандық үлгісі» ретінде бағалайды: «Н.Назарбаев лидерлігі үшін тұрақтылық – ел тәуелсіздігінің, тұрақтылығының және жақындап келе жатқан сын-қатер дағдарыстарға қарсы тұрарлық күресінің кілті деген ұғымда. Қазақстанның 28 жыл­дық мерзімде қаншама кедергіден өтіп, қандай қиындықтарға қарсы тұрға­нын еске алар болсақ, мұндай тұрақ­тылықтың тек кездейсоқтық емес екеніне көз жеткіземіз», дейді К.Зорлу тұрақты лидерлік ұғымы туралы айта келе. Сонымен бірге осы тұрақтылықтың мысалы ретінде Елбасының қызметінен өз еркімен кету туралы шешімін де келтіре кетеді.

Осылайша Назарбаев лидерлігінің сан алуан қатпарларын саты-сатысымен сараптай келе, автор «Ұлы дала­ның жеті қыры», «Рухани жаң­ғыру», «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламалары, латын әліпбиіне өту сияқты бастамалардың түркі әлемі үшін де маңызға ие, өміршең құндылықтар екенін дәлелдеп шығады.

Н.Назарбаевтың әлемдік саяси арена­дағы беделіне тоқталмас бұрын сая­саттанушы ғалым Елбасының өз елінде атқарған ғасырлық масштабтағы аса ауқымды жобаларына сарабдал шолулар жасаған. Солардың ең маңыздыларының бірі, әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаңа Астана жобасы. Бұл туралы кітаптағы «Жаңа Астананың сәулетшісі» атты көлемді тарауда жан-жақты әңгімеленген. Біз осы құбылыс­қа өзіміз емес, шетелдік сарапшы көзқара­сы тұрғысынан қарап, бізге мәлім, бей­мәлім көптеген жайтқа куә бола­мыз. Мәселен, астананы көшіру туралы ше­шім қабылданғанда сол кездегі Түркия пре­зиденті Сүлеймен Демирел былай деген екен: «Қазақстанның астанасы өзгермес бұрын бірнеше рет кездестік. Ол кезде кейбір сындар айтылып жатты. Бірақ біз оған үнемі қолдау көрсеттік. Жаңа құрылып жатқан мемлекеттің еңсесі тік, өз-өзіне сенімді болуы тиіс». Осы бір шағын детальдың өзінен-ақ бауырлас халықтың қазақ басшысының сарабдал саясатына деген терең құрметі мен кіршіксіз сенімі айқын аңғарылып тұрғандай.

Бүгіндері Елбасының идеясымен іргесі қаланған Түркі кеңесінің ортақ алаңына топтасқан бауырлас елдер алып құрлық Еуразияның солтүстігі мен оңтүстігін, шығысы мен батысын байланыстырып жатыр. Түркітілдес елдер арқылы жаңа Жібек жолының құрлықтық Транс-Каспий желісі, сонымен қатар Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі өтеді. Көршілес елдер кең-байтақ Еуразия құрлығында ұзақмерзімді тұрақтылық пен берік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға мүдделі екенін айқын көрсетіп отыр. Осы тақырыпты терең талдаған ғалым К.Зорлу ұлт лидерінің сарабдал саясатымен жүзе­ге асуға мүмкін болған интеграциялық игіліктердің қай-қайсысы қазір тек қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың ортақ игілігіне айналғанын тәптіштеп талдайды.

Тұлға туралы жазу оңай емес. Ол – өзіңмен бір дәуірде ғұмыр кешіп отырған әрі әлем таныған тұғырлы тұлға болса, жазу тіпті қиындай түсетіні белгілі. Белгілі ғалым, саясаттанушы Куршад Зорлу осы қиындықты еркін еңсеріп, ғылыми негіздер мен теорияларға сүйене отырып, тұлғатануда жаңа тер­мин ұсы­нып отыр. Қазірге дейін кітап­тың Түр­кияда кең таралып, үлкен сұраныс­қа ие болғанын және монография туралы көптеген пікірлер мен рецен­зияның жарияланғанын қаперге алсақ, Қазақстан­ның жарқын парақтарын ғылыми дәйек­теген тағы бір жақсы кітаптың жарыққа шыққаны анық. Құтты болсын дейміз!