Жаңа шағын аудан бой көтереді
Жыл соңына дейін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Түркістан қаласында 25 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңа шағын аудан 800-ден астам жас және көп балалы отбасының баспаналы болуына мүмкіндік береді. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Түркістан – жаңа қала» шағын ауданында 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған болатын. Облыс орталығы ретінде күн санап түрленіп келе жатқан Түркістанда экологиялық мәдениетті арттыруға, қаланы таза ұстауға да ерекше мән берілуде. Осы орайда жуырда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері қалада 350 түп шаған, үйеңкі, талшын көшеттерін отырғызды. Қаланың климатын жақсарту мен облыс орталығында халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 7 700 гектар аумаққа жасыл белдеу құру жұмыстары қолға алынды. Осы белдеудегі 2300 гектар жерге 1 млн-нан астам көшет егілді. Дәл осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылға дейін жалғасатын болады. Еске сала кетейік, Премьер-Министр А.Мамин Өмірзақ Шөкеевке Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалған кезде жаңа қаланың жаңғыруын уақтылы қамтамасыз етіп, түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендету және оны қарқынды дамыту, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жауапкершілікті жүктейтін міндеттер қойылғанын атап өткен болатын. Бүгінгі өңірдегі өзгерістер сол міндеттердің жауапкершілікпен атқарылып жатқанының көрінісі дер едік. Яғни, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұттың мақамымен айтсақ, қазіргі уақыт шешенсінбей-ақ шешімдер қабылдап, көсемсінбей-ақ кесімді, келісімді бағдарлар белгілеп, нақтылы істер тындыратын уақытта Ө.Шөкеевтің Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда, елдің қамын ойлауда, халыққа жақындаудағы құлшынысы ерек, ұмтылысы бөлек.
Өңірде құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарынан бөлек туризм саласын дамыту арқылы да ішкі кірісті арттыруға мән берілуде. Оған өңір табиғатының әлеуеті толықтай жетеді. Бұл орайда Түркістан облысында тау шаңғы базасы салынбақ. Алдағы 1-2 айда құжаттары дайындалып, Үкіметке ұсынылады. Тау курортында бір күнде 6-7 мың туристке қызмет көрсететін нысан салу да көзделіп отыр. Осылайша табиғат берген сыйды пайдалана отырып, туристерге жағдай жасап, экономиканы дамыту бағытында әрекет жасалуда. Түркістан өңірі экотуризм, археологиялық туризм сынды бағыттарды да дамытуға қолайлы. «Әсіресе Түркістан қаласының туристік әлеуетін, оның ішінде тарихи-мәдени және зиярат ету бағыты жоғары екенін көрсету басты назарда. Қазірдің өзінде қалаға жылына 1,5 млн турист келеді, 2025 жылы олардың санын 5 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін әуежай, темір жол бағыты, қонақүй секілді қызмет көрсету түрлерін барынша дамыту керек. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына және экономиканың дамуына үлесін қосады», деген болатын өңір басшысы халықпен кездесуінде. Алдағы жылдары туристер тамашалайтын көптеген нысандар бой көтереді. Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағындағы мәдени-рухани орталықта салынып жатқан «Ясауи» музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, «Керуен» сарайы, қолөнер шеберлері орталығы, Тұңғыш Президент саябағы, қабылдау орталығы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ, неке сарайының құрылыстары қаланың келбетін ашатын негізгі нысандарға айналады. Әзірет Сұлтан кесенесіне реставрация, Күлтөбе қалашығына археологиялық қазба, консервация жұмыстары жүргізілді. Бұл да қаланың туристік әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қонақүй бизнесін дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Өңірдегі екі микроқаржы ұйымы мен «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген бағамен несие берілуде. Соның аясында «Rixos» қонақ- үйі салынып, шілде айында пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен қатар «Hampton by Hilton», «Innovation Central Asia» секілді заманауи қонақүйлер салынуда. Ал облыс бойынша жалпы 168 қонақүй, 51 емдік-сауықтыру шипажайы мен 60 демалыс үйі қызмет көрсетеді. Түркістанда туризмнің өркендеуі бірінші кезекте кәсіпкерлік нысандардың дамуына ықпал етеді. Ал оның арғы жағында бюджетке түсетін салық, қосымша жұмыс орындарының жатқаны айтпаса да түсінікті.
Облыс орталығының келешек келбеті туралы әңгіме қозғағанда мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде салынып жатқан халықаралық әуежайға тоқталмай кету мүмкін емес. Аталған жоба құны шамамен 68 млрд теңгені құрайды. Былтыр қалада 26 нысанның құрылысы басталып, оның 9-ы іске қосылды. Айта кетері, қасиетті қаладағы бірқатар нысанның құрылысын өзге облыстар, ұлттық компаниялар жүргізіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Түркістанды бүкіл Қазақстан салып жатыр деуге болады. Осы үлгі Арыс қаласын қалпына келтіру кезінде қолданылғаны мәлім.
Сынақтан сүріндірмеді
Иә, Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс бүкіл елді дүр сілкіндірді. Бейбіт заманда орын алған оқиға шұғыл шешімдер қабылдауды талап еткені анық. Осы орайда Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен 55 мың халқы бар қаланың тұрғындары түгелдей қауіпсіз аумаққа көшірілді. Зардап шегушілерге көмектесу, жатар орнын, ас-суын қамдау жұмыстары алғашқы тәуліктен бастап ұйымдастырылды. Қала 17 аумаққа бөлініп, қалпына келтіру үшін республикадағы облыс, қалаларға бекітіліп берілді. Апаттан кейін бүкіл Қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. Нәтижесінде, Арыс қаласында 7 634 нысан қайта қалпына келтіріліп, жаңадан құрылыстар салынды. Бұдан бөлек 68 әлеуметтік нысан қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ Арыс қаласындағы көшелер қайта жөндеуден өтіп, абаттандыру, аяқжолдар мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған ауқымды жұмыстың нәтижесінде қала көркейіп, жаңа кейіпке енді. Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан барлық облыс, қала әкімдеріне, тиісті министрліктер мен ұлттық компания басшыларына, үкіметтік емес ұйымдары мен партияларға және сын сағатта қолдау көрсеткен қазақстандықтарға облыс әкімінің, тұрғындардың айтар алғысы шексіз. «24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ», деген Президент Қ.Тоқаев Түркістан облыстық әкімдігінің қызметкерлеріне, ардагерлерге, дәрігерлерге, әскери қызметкерге алғыс айтып, қиын сәтте қол ұшын созып аянбай тер төккен азаматтарды марапаттағаны мәлім. Рас, Арыстағы құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты сын-ескертулер, арыз-шағымдар айтылды. Бірақ біз ел тарихында 55 мың халқы бар, апатқа ұшыраған қаланы бірнеше айда толық қалпына келтіру бұрын-соңды болмағанын да ескергеніміз жөн. Облыс әкімі осы апат болған күннен бастап, ұйымдастыру, қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында жүрді, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Бұл Өмірзақ Естайұлының еңбек жолындағы ең бір жарқын кезең болып қалары анық.
«Қамқорлық» шынайы қамқорлық көрсетеді
Өңірде жыл басынан бері өзгелерге үлгі етерлік ерекше бағдарлама жүзеге асырылуда. Ал оның негізі өткен жылы қаланған болатын. Облыс әкімі және оның орынбасарлары тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, оны шешу үшін нақты жұмыстар жүргізуді жолға қойды. Бір жыл ішінде 809 азаматтың мәселесі тыңдалыпты. Өңірде Фронт – офис орталығында тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайтын «Open Space» үлгісіндегі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау кабинеті жұмыс атқаруда.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – ортақ міндет» екенін атап өткен болатын. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату маңызды. Осы орайда облыс әкімі аудан-қала басшыларына ерекше талап қойды. Жылдық есеп беруде орындалған жұмыстар жайлы ашық, бүкпесіз әңгіме айтылуы тиіс. Халықтың өкпе-назын тыңдап қана қоймай, туындаған мәселенің бірден шешілгені жөн. Жергілікті билік өкілдері халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Түркістан – демографиялық өсімі жоғары, халық тығыз қоныстанған облыс. Аудан, ауылдарда елеусіз қалған, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың болуы әбден мүмкін еді. Осы бір жайт ескеріліп, Nur Otan партиясының бастамасымен облыста өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазір осы бағдарлама аясында жағдайы тым төмен, кризистік және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы кураторлар тағайындалған. Бағдарлама басталғалы өмірлік қиын жағдайға тап болған 900-ден астам отбасына 45 млн теңгенің демеушілік көмегі көрсетіліп, бірнеше отбасы кәсіпкерлердің қолдауымен баспаналы болды. Тұрмысы төмен отбасыларға нақты көмек беруді мақсат тұтқан бағдарламаны жүзеге асыруға облыс әкімі ерекше назар аударып отыр. Жуырда Төле би, Бәйдібек аудандарына жасаған сапары барысында облыс басшысы осы бағдарлама аясында көмек алатын көп балалы отбасыларға арнайы барды. Аталған бағдарламаның билік пен қоғам арасындағы диалогтың тұрақты және мақсатты орнауына септігін тигізіп жатқаны анық.
Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобалар
Киелі Түркістан қаласының айналасында құрылған азық-түлік белдеуінің аумағы – 11 мың гектар. Мұнда негізінен құны 27 млрд теңге болатын 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл жобалардың алды өткен жылы басталды. Атап айтқанда, «Түркістан Агро – ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 125 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушіні біріктіріп, территориясын мың гектарға жеткізіп, жаңбырлатып суару әдісін енгізді. Яғни, азық-түлік белдеуі де облыстың экономикалық-әлеуметтік даму динамикасына оң әсерін тигізері анық. Өңірде ағын су тапшылығын шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс атқарылуда. Кешенді жоспар аясында 5 ірі су нысанында құрылыс жұмыстары басталды. Атап айтар болсақ, Түркістан магистральды каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн текше метр су үнемделмек. Қазіргі таңда, 5,5 шақырым жер жұмыстары, 3,5 шақырым бетонмен қаптау жұмыстары аяқталды. Сырдария өзенінен машиналық әдіспен су беру арқылы қосымша 80 млн текше метр ағын су жеткізілмек. Бұдан бөлек Түркістан қаласының Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту, сыйымдылығы 18 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасын салу, Арыс-Түркістан массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып 34,7 млн текше метр қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары бар.
Облыста тиімділігі дәлелденген жаңбырлатып суару тәсілі кең көлемде қолданысқа ене бастады. Қазіргі таңда 800 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілген. Жалпы, жоба шеңберінде 1 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясымен құны 31,6 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Түйе шаруашылығының дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта биыл 4 мың бас аналық түйе сатып алу жоспарлануда. Бұл орайда Түркістанда салынған түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС-мен келісім жасалған. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мақта саласын дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірленуде. Нәтижесінде, мақта өңдеу зауыттарының технологиясы жаңартылып, айналым қаражаттары толықтырылады. Мақта бағасын нарықтық реттеуге қол жеткізілетін болады.
Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс, игі бастамалар облыс аумағына үлгі бола отыра жалғасын тауып, жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Сөзімізге тағы бір мысал, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қаласына да оң әсерін тигізуде. Өткен жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жүгінсек, мұндай көрсеткіштер 65 жылдық тарихы бар қалада бұрын-соңды болмаған. Бүгінде Кентаудағы индустриалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Осылайша киелі Түркістан бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде.
Түркістан облысы