Қоғам • 26 Ақпан, 2020

Әскерде тәртіп болмаса...

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде бұл оқиға туралы тек нақты мәліметтер ғана жария етілуде. Алдағы уақытта оның себеп-салдары сараланып, ауқымды талдау жүргізілері анық. Дегенмен, бір нәрсе анық мәлім. Ол – әскери бөлімдегі тәртіп пен қызметтік міндетке жауапкершіліктің босаңсуы, бәлкім болмауы.

Әскерде тәртіп болмаса...

Әйтпесе Ордабасы ауданы Бадам елді мекені жанындағы 10 216 әскери бөлімінен 30 автомат, 27 пистолет, 2 ПМТ, 420 дана 5,45 калибрлі, 24 дана 9 мм калибрлі патрондар ұрланбас еді. Ереже, әскери тәртіп сақталса, қаңтар айының соңынан, ақпанның жиырмасына дейін қару мен оқ-дәрілер қолды болмас еді. Иә ақпанның 20-сында жария болған ұрлықтың соңғысы 19 күнгі түнгі 23-тер шамасында болған. Ал таңғы сағат 7.30-да кезекші шұғыл оқиға жайында ақпарат алған. Әскери қызметші Абылай Балғынбайдың қызмет орнын тастап, қару-жарақ алып ке­ткені белгілі болады. Аға лейт­енант Шорасуловтың орнына кезекшілік атқарған сарбаз офицердің қалтасынан қару-жарақ қойма­сы­ның кілтін байқатпай алған.

Күзет дабылын өшіріп, қару-жарақтарды көтер­генінше алып шыққан. Кілтті қайтадан кезекшінің қалтасына салуды да ұмытпаған көрінеді. Қару-жарақ бұған дейін де ұрланған. «Қаңтардың соңынан бас­тап ақпан айының ортасына дейін қару-жарақ қоймасына өздігінен кіруге рұқсат алған сарбаз күніне бір-екі қарудан ұрлап кетіп жүрген. Кейін бұл қылмысқа достарын тартқан. Қарулардың басым бөлігі 20 ақпанға қараған түні ұрланған», деді Ішкі істер министрлігі Тергеу бас­қар­масының бастығы Санжар Әділов журналистерге берген сұхбатында.

ҰҚК мен ІІМ бірлескен жедел-тер­геу тобы ұр­­лыққа қатысы барлардың бар­лығын ізін суытпай ұстап, қаруларды тәр­кіледі. Сатылған екі тапанша да табылған. Қазіргі уақытта Қор­ғаныс министрлігі Түркістан об­лысында орна­лас­қан әскери бөлімде қару-жарақтарды қо­сым­ша түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Сонымен қа­тар үш лауазымды тұлға, атап айт­қанда дивизия командирі, жедел кезекші, сондай-ақ келі­сімшарт бойынша қызмет еткен қатардағы сарбаз әскери қыз­мет ережелерін бұзған және қару­дың ұрлануына әкеліп соққан немқұрайдылықтары үшін қа­зіргі уақытта ұсталып, қамауға алынды», деді Санжар Әділов. Тер­геу мәліметтері бойынша келі­сімшартпен әске­ри қызмет атқарған сержант А.Балғынбай 1995 және 1996 жылғы сырттағы екі досымен 29 автомат, 24 тапанша алып қашқан. Ішкі істер министрлігі 291 (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жым­қыру не қорқытып алу) және 453-баптар (қызметке салғырт қарау) бойынша қылмыстық істерді тіркеген. Тергеу сотының санкциясымен ұсталған адамдар қамауға алынған. «Сонымен қатар жекелеген лауазымды адам­дардың, оның ішінде әскери бөлім басшылығының қызметтік мін­деттерге нем­құрайды қара­ғаны үшін жауап­кер­шілікке тарту туралы мәсе­ле­сі қарастырылуда. Тер­геу жал­ғасып жатыр», деді Тер­геу басқармасының бастығы.

Бұл оқиғаға қатысты күдік­ті­­лер тиісті жазасын алар. Ал көп­шілік бүгінде тұрақты жұмыс орны, жалақысы бар 25 жастағы жігіттің қылмысқа барғанын түр­ліше жоруда. Әскери қыз­метке орналасудың өзі оңай емес, бірнеше тексеру­ден өтеді. Онымен қоймай жас жі­гіт жаманатты болмаған. Ауыл­дас­тары да жас жігіт­ті жамандыққа қимай­ды. Қара­пайым, тәрбиелі азамат екенін айтады. Көп балалы отбасында өскен. Ал оның әкесі ауылдағы сыйлы аза­мат­тардың бірі. Абылай ұлдан үй­дің үлкені, оның мектепте оқи­тын інілері мен студент әпкесі бар екен. Әскерге дейін Шым­кентте арнайы орта білім алған. Осындай азаматтың теріс жолға тү­суіне, ант­тан аттауына қандай орта немесе қандай жағдай себеп болғаны әзірге белгісіз.

 

Түркістан облысы