Қоғам • 26 Ақпан, 2020

Геологиялық барлау нәтижелері жоғары

565 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­ме­тінде Қазақстанның геологиялық барлау тұжы­рым­да­масына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Геологиялық барлау нәтижелері жоғары

 

Баспасөз мәслихатына Эко­логия, геология және та­биғи ресурстар вице-ми­нис­трі Санжар Жаркешов, ми­нистрліктің Геология коми­­тетінің төрағасы Ақбатыр На­дыр­баев және Қазақстан мұ­найшы-геологтер қо­ға­мы­ның президенті Балтабек Қуандықов қатысты.

Спикерлердің ақпараты бойынша қазіргі уақытта мем­лекеттік бағдарлама әзір­ленуде, оның басты мін­де­ті – шикізат базасын то­лық­тыру, салаға инвестиция тарту. Вице-министр С.Жар­кешов атап өткендей, 76 ны­санда жүргізілген гео­ло­гия­лық зерттеулер нәти­же­сін­де республиканың бар­лық өңірлерінде пайдалы қаз­ба­ларды анықтауға арнал­ған перспективалық кен орны анық­талды.

Мәліметтер бойынша ал­тын­­ның болжамды ресурс­та­ры – 2,3 мың тонна, мыс – 33 млн тонна, полиметалдар 35,6 млн тонна деп бағаланады, 500 мың тонна сирек металдар (қалайы, вольфрам), сондай-ақ литий және сирек жер элементтері ресурстары бар. Ал көмірсутегі қорлары 4,4 млрд тоннаны құрап отыр.

«Біз жаңа ашылулардың әлеуеті зор екеніне көз жет­кіз­дік. Осы арқылы әсіресе Жезқазған, Сәтбаев, Зырян және Риддер қалаларының ма­ңында жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру мүмкіндіктері бар» деп атап өтті С. Жаркешов.

Спикерлер өз сөздерінде 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарламаны іске асыру: зерттеу үшін қолжетімді 1,25 млн шаршы шақырым аумақтың зерттелуін 37%-ға дейін жеткізуге; пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауға және шамамен 40-50 перспективалы учаскелерді анықтауға; шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесін арттыруға, соның ішінде игерілген бас­­сейндердің зерттелу дең­гейін 60%-ға дейін, аз зерт­тел­гендерді 10%-ға дейін жеткізуге, қатты пай­да­лы қаз­балар мен көмір­су­­тегі ши­кі­затының басым түр­­лері бо­йынша болжамды ре­сурс­тар­дың өсуін қам­та­масыз етуге мүмкіндік бере­ті­нін айтты.

Геологиялық ғылымды дамытуға баса назар аударылатын болады. Соның ішінде өңірлік іздестіру және барлау сатыларын ғылыми-зерттеу және талдамалық сүйемелдеуге ерекше екпін түсірілмек.

Осы ретте айта кететін бір мәселе, мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асыру үшін бө­лін­ген 200 млрд теңге бюджет салымы 800 млрд теңге болып қайтады деген болжам жасалуда. Яғни әрбір салынған
1 теңге 4 теңге пайда әкеледі деп күтілуде.