Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Петропавл тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ашты

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлдың пинкертондары жексенбі мен дүйсенбі күндері екі тонауды ізін суытпай ашты. Олар бұған дейін де бір қылмысты сәл ұзағырақ уақытта ашқан еді.

Петропавл тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ашты

Әрине, қылмыскерлер анау айтқандай әккі баукеспелер емес, қатардағы қаскүнемдер. Бірақ солардың өзі кейде ұстатпай, сан соқтырып кетеді емес пе? Әсіресе, қолдан жұлып әкететін телефондардың зардабы ауыр. Ондайда зардап шегуші телефонының құнына емес, ұрының басынған қасіретіне қарадай күйінеді. Жексенбі күні де дәл сондай оқиға болған.

Петропавл қаласының көшелерінде қазір қол көтеріп такси тоқтату мүмкін емес, тек қана шақыру керек. Қаланы өте «ыңғайсыз» шаһарға айналдырып жіберген пысықтар осындай кесірттікті ойлап тапқан. Кешкі сағат алтының шамасында такси шақыртпақшы болып, телефонын қолына алған 61 жастағы әйел адамның қолынан қаскүнем оны жұлып әкетіп, қаша жөнеледі. Құны 25 мың теңге тұратын Nokia телефонынан айрылғанына емес, қаражүректің айдың-күннің аманында басынғанына қарадай күйінген әйелдің қайғысына өтіп бара жатқан тағы бір әйел адам ортақтасып, дереу полицияға хабарласады. Ол тіпті жедел келген патрульдік полиция қызметкерлеріне қаскүнемнің түр-сипатын, қашқан бағытын да айтып береді. Осының арқасында полицейлер күдіктіні екі-үш көше айналып өтпей жатып, 10 минуттың ішінде ұстаған. 

Жас бала-шаға емес, 42 жасқа келгенше ақыл-есі жетілмеген күдіктіге қазір бұлтартпау шарасы белгіленіп, Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Келесі тонау дүйсенбі күні таңертең орын алған. Таңғы сағат 05.30-да көшедегі дүңгіршектердің біріндегі 57 жасар сатушы ауыстыруға келген әріптесі екен деген оймен қағылған есікті ашқан. Сөйтсе, келіп тұрған ішімдікке тойып алған белгісіз ер адам екен. Сатушыны қорқытқан ол 15 қорап темекі мен кассадағы 37 700 теңгені қолды қылған. Сатушы полицияға хабарлап, қаскөйдің ерекше белгілерін айтқан. Шабуыл фактісі бойынша полицияның кешенді күштері жұмылдырылып, маскүнемді тез арада құрыққа түсірді. Ол бұрын бірнеше рет істі болған 1991 жылы туған қала тұрғыны болып шықты. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің қызметтік үй-жайға заңсыз кіріп,  тонаушылық жасаған деген бабы бойынша іс қозғалды. Қазір күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. «Егер, сіз тонаушылардың құрбанына айналған болсаңыз, қарсылық көрсетпей, тек бас салған адамның ерекше белгілерін есте сақтап, орын алған оқиға жайлы дереу полицияға хабарлағаныңыз дұрыс», деп кеңес береді Петропавл қаласы ПБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.

Ашылған екеуіне дейінгі үшінші қылмыс қаңтар айының басында, сағат 10 шамасында Әуезов көшесінің бойындағы бір үйдің ауласында болып, онда 1937 жылы туған қала тұрғыны тоналған еді. Оның пакетінде сомасы 5 мың 700 теңгенің заты болған. Міне, осы қылмыс бейнекамераларға түсіп қалған көріністердің көмегімен жан-жақты жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жуырда ашылды. Қазір бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 29 жастағы күдікті ұсталған.

ПЕТРОПАВЛ