Senim бірыңғай үйлестіру орталығының директоры Рахат Сәдуақасов мұның 2020 жылға арналған жоспардың бір тармағы екенін және оның іске сәтті асқанын атап өтті.
– Енді біздің операторларымыз тәулігіне 24 сағат бойы өтініштер қабылдауға дайын. Біздің мақсатымыз – азаматтарға қоғамдық қызметтер мен ақпараттарды ұсынудың сапасын арттыру, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарынан өтініштерді қабылдау мен өңдеу үшін қолайлы алаңқайлар құру, - дейді ол.
Senim 109 коммуналдық қызметтер мен мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты азаматтарға үш ай бойы кеңес береді және өтініштер қабылдайды.
Айта кететін бір жайт, Call-орталық іске қосылғаннан бері 8500-ден астам өтініш келіп түскен. Оның 6724-ін операторлар қолма-қол шешіп, қалған 1919-ын тиісті мекемелерге жіберген.
Senim 109 қызметіне қоңырау шалудың бес жолы бар. Атап айтқанда, 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу (қалалық және ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін), Senim109.kz, Telegram-bot, Senim109.kz порталы, Facebook senim109 (мессенджерге хабарлама немесе кез келген пост астындағы түсініктеме арқылы) және Belsendi Azamat мобильді қосымшасы арқылы байланысуға болады.
Әзірге орталық тек қала тұрғындарынан ғана өтініштер қабылдағанымен, жоспар бойынша алдағы уақытта Қарағанды облысын түгелдей қамтитын болады.
Senim 109 бірыңғай байланыс орталығының қаланың барлық коммуналдық кәсіпорындарын біріктіретінін және тұрғындармен байланыс орнатудың бірыңғай нүктесі екенін айта кеткен жөн.
Қарағанды облысы