Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Жетісудағы жол сапасы қаншалықты жақсарды?

498 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысына жұмыс сапарымен келген кезінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ әкіміне ішкі қатынас жолдарының сапасын жақсартуды қадап тапсырған болатын. Жақында өткен есеп беру жиынында Амандық Баталов тұрғындарға Президент тапсырмасының қаншалықты жүзе асырылғаны жайында айтты.

Жетісудағы жол сапасы қаншалықты жақсарды?

- «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында облыс аумағындағы «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» көлік жолдарына жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, барлық стандарттарға сай келетін 1526 шақырым жол іске қосылады. Бұл облыстың транзиттік әлеуетінің одан әрі ұлғаюына жағдай жасайды. Болжам бойынша, жергілікті маңызы бар және ауыл ішілік жолдардың да сапасы төмен болмауы тиіс. Қазір ішкі жол сапасы 81 пайызға дейін жақсарды. Қалғандары қанағаттанарлық жағдайда. Биыл бұл көрсеткіш 84 пайызға жетеді. Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңыздағы 492 шақырым жол толықтай және 108 елді мекеннің ішкі жолы жөндеуден өтеді, - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, аймақтағы автокөлік жолының ұзындығы 9610 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде 2822 шақырымға республикалық жол мәртебесі берілген. Ал 6788 шақырым қатынас жолы облыс аумағындағы аудан мен ауылдарды жалғап жатыр. Облыс тұрғындарын осы жергілікті  жолдың сапасы толғандырып отыр. Өйткені, аймақтағы жолдың 20 пайыздан астам бөлігі әлі де жөндеуді қажет етеді. Яғни, қазірге дейін ішкі бағыттағы жолдың сапасы 81 пайызға ғана жетіп отыр. Осы жылы бұл көрсеткіш тағы 3 пайызға артады. Бұған 40 миллиард теңге жұмсау көзделіп отыр. Ал жол сапасын жақсартуға өткен жылы 38,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, игерілген. Бұл ақшаға 62,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтсе, 190,3 шақырым жолға орташа жөндеу жасалған. Тағы 25 шақырым жол қайта жаңғыртылып және жаңадан салына бастаған. Сондай-ақ, ағымдағы жөндеу жұмысы 294 000 шаршы метр аумаққа жүргізілген екен.

Тағы бір жаңалық, «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған кезеңі басталды. Яғни, жол құрылысын жүргізуге бөлінетін қаржының негізгі үлесі осы бағдарлама аясында жұмсалмақ. Жоспар бойынша биыл елімізде 9,8 мың шақырымға жететін автокөлік жолына жөндеу жұмысы басталады. 2,6 мың шақырым жолды жыл соңына дейін пайдалануға беру міндеті тұр. Ал осы мақсатқа 750 миллиард теңге жұмсалмақшы. Бұл жұмыстың шарапаты өңірлерді де қамтып, жол сапасы жақсара түсетді деген сенім бар. Мысалға, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға Алматы облысынан 18 жоба енгізілген. Қазірдің өзінде 5 бағыттағы жол құрылысын қаржыландыру жалғасын тапты. Бұл қатарда  Талдықорған – Өскемен, Күрті – Буырылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Қапшағай – Күрті, Үшарал – Достық трассалары тұр.

Тақырыпқа оралсақ, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терген тапсырмаға сәйкес ішкі қатынас жолдарының сапасын жақсартуға қатысты біршама іс атқарылды. Осы жерде ішкі жолдардың сапасы туралы айтқанда, ауылдардағы жағдайды ескеруіміз керек. Нақты іс барысын бағамдау үшін біз Көксу ауданы бойынша істелген жұмысты зерделеп көрген едік. Бұл аудандағы автокөлік жолының ұзындығы 490 шақырымға жетеді екен. Оның ішінде 56 шақырым трасса республикалық маңызы бар жол санатында. Ал 204 шақырымдық жол облыстық маңызға ие.

- Аудан аумағындағы жергілікті жол 230 шақырымды құрайды. Мұның 60 пайызының жағдайы жақсы, яғни асфальт төселген жолдың ұзындығы 138 шақырым шамасында. Қалған 73,6 шақырым жолға қиыршық тас төселген, ал топырақ төселген жолдың көлемі  18,4 шақырым. Біздің алдымызда осы жолдардың сапасын жақсарту міндеті тұр, - дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

 Өткен жылы ауданның ішкі жолдарын жөндеуге барлығы  403 706 000 теңге бөлінген екен. Бұл қаржығы Балпық би ауылының Амангелді, Қонаев және Көксу бекетінің Орақты батыр көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу жасалған. Сондай-ақ, Балпық би ауылының Мырзабеков, Теректі ауылының Коммунистический, Ақшатоған ауылының Орджоникидзе, Алғабас ауылының Көмекбай, Қызылтоған ауылының Нұрахмет, Ақтекше ауылының Мақұлбеков, Бозтоған ауылының Құндақбаева көшелеріне орташа жөндеу және Лабасы, Мұқаншы, Мұқыры, Еңбекші, Балпық ауылдық округтеріндегі  елді мекендердегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Және аудандық бюджеттен елді мекендердің ішкі жолын орташа жөндеуден өткізуге 22 425 000 теңге қаражат бөлінген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында да ауыл ішіндегі жолдарды жасауға қаржы бұйырыпты. Яғни, Айнабұлақ бекетінің Ағыбай батыр көшесіне қиыршық тас төсеу үшін жұмсалған 1 099 000 теңге, Ақтекше ауылының Сүгіров көшесіне қиыршық тас төсеуге кеткен 1 502 000 теңге және Көксу бекетінің Әуезов көшесіне қиыршық тас төсеуге бөлінген 4 261 000 мың теңге қаражат осы бағдарламаға кіреді. Қазір аудан бойынша жол жөндеуге қатысты бөлінген қаржы толық игеріліп, жаңғырту жұмыстары аяқталған.

Айтпақшы, облыстағы жол сапасының жақсаруына қомақты қаржы ғана емес, құрылыс жұмысын жүргізетін мамандардың біліктілігі де ықпал ететіні сөз. Екінші жағынан алғанда бұл өңірдегі жұмыспен қамту саясатына да оң әсерін тигізбек. Облыс әкімі Амандық Баталов бұл туралы да айтқан еді.

- Жол құрылысының жандануы жергілікті жер үшін экономикалық табыс әкеледі. Басқаны айтпағанда, адамдарды жұмыспен қамтуға оң әсер етеді. Былтыр жол құрылысына екі мыңға жуық жұмысшы тартылған. Негізгі  мамандық иелерінен басқасы жергілікті тұрғындар. Жалпы, жол құрылысына қажет мамандарды өзіміз оқытып, дайындауымыз керек. Ауыл тұрғындарын сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауға мән беріп отырмыз. Бүгінде бұл салаға дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, тракторшы, машинист сияқты мамандар өте қажет. Біз тұрғындарды оқытуға, үйретуге қаржы бөліп, жағдай жасадық, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы