Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Тараздағы мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді

640 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Тараз қаласындағы №43 орта мектептің  мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова әлеуметтік желі арқылы білім ошағының басшысы тарапынан әділетсіздік болғанын, заңсыз жұмыстан шығарылғанын айтып, шағымданған болатын.

Тараздағы мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді

Мұғалімнің өтінішіне байланысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен жұмыс комиссиясы құрылған еді. Жарияланған бейнероликте айтылған барлық фактілер бойынша қазір тексеру шаралары жүргізілуде. Онда келтірілген фактілер расталған жағдайда, материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Сондай-ақ, еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тараздағы №43 мектептегі жағдайға байланысты Жамбыл облыстық білім басқармасы мен Тараз қалалық білім бөлімінің басшылығына ауызша ескерту берілгенін айтып, тексеріс аяқталғанға дейін директорды жұмысынан шеттетуді тапсырды.

Тараз қалалық білім бөлімінің жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімімен  Күнсұлу Бөрімбекова №43 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметіне қайта қабылданды. Ал, аталған мектептің директоры Эльмира Өмірбекова қызметінен уақытша босатылды.

Бүгінде бұл мәселе облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің,  облыстық білім басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің және «Nur Otan»  партиясы өкілдерінің қатысумен жан-жақты зерделенуде. Тексеру іс-шаралары толық аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты шешім қабылданатын болады. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда мектеп қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, оқушылар сабаққа қатысуда. Барлық сабақтар кестеге сәйкес өтуде.

Жамбыл облысы