Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету саласы соңғы он шақты жылдың ішінде күрделі реформаға түсіп, бұрын-соңды болмаған жаңа сипат, өзгеше мазмұнға ие болды. Ең бастысы, халыққа қызмет көрсетудің сапасы артып, көптің қолайына жаға бастады. Мемлекеттік істер агенттігі облыстық департаментінің басшысы Асхат Ескендіровтің айтуынша, өткен жылы облыста көрсетілген 10,7 миллион мемлекеттік қызметтің 11%-і қағаз түрінде, 82%-і электронды түрде жүзеге асырылған.
- Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, электронды қызмет көрсету деңгейі екі есе ұлғайып отыр. Жүйелі түсіндіру, насихаттау шараларының нәтижесінде электронды қызмет тұтынатын тұрғындар үлесі де еселеніп келеді. Мұның сыртында, ақпан айынан бастап тұрғындардың «Электронды үкімет» порталын пайдалану дағдысын қалыптастыру мақсатында арнайы курстар аштық. Біздің бұл бастамамыз Тілдерді дамыту орталықтары тарапынан қолдау тауып, олар өздерінің интернетпен қамтылған компьютерлік сыныптарын ұсынып отыр. Енді облыс тұрғындары өңірдің барлық аудандары мен қалаларындағы Тілдерді дамыту орталықтарында аптаның әр жұмасы сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін порталмен қалай жұмыс істеуді үйрене алады, - деді департамент басшысы.
Қостанай