Мейірбек оқушы кезінен-ақ фотоөнермен шұғылданады. ТМД елдері жастары арасында өтетін Дельфий ойындарына «фотография» жанры бойынша қатысып, үш жыл қатарынан жүлдегер болған Мейірбек Тәжқұранов фотоны өнер ретінде бағалайды. Қазақ фотоөнері тарихына да қызығып, Шәңгерей Бөкеев шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүргені тағы бар.
Мейірбектің талғамы биік, қабілеті күшті. Кей замандастары фотоаппарат асынып, той-томалақтың айналасынан шыға алмай жүргенде, бұл туған жердің табиғаты мен тарихи-мəдени орындарын аралап, соларды хаттаумен шұғылданып жүр, - дейді оралдық белгілі фотограф, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рафхат Халелов.
Шынында да Мейірбек еліміздегі әріптестерімен бірге түрлі блог-турларға қатысып, іссапарға жиі шығады. Еліміздің қайталанбас табиғатын, жәй адам күнделікті байқай бермейтін тылсым табиғат көріністерін Мейірбек қалт жібермейді.
Өткен жылдың соңында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен 4 күнге созылған үлкен блог турға қатысып, Ақ Жайық өлкесінің тарихи һәм киелі жерлерін аралап шыққан болатын. «Мекенім - Қазақстан!» фотокөрмесіне де осындай сапарлардан түсірілген тың дүниелер қойылған.
Фотокөрме Орал көрме залында биылғы 3 наурызға дейін тұрады.
Батыс Қазақстан