Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Павлодарда 346 мың шаршы метр аумақта үй салынады

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық  құрылыс басқармасының мәліметінше, былтыр қаржыландырудың барлық көздері есебінен өңірде 332,5 мың шаршы метр тұрғын пайдалануға берілген.

Павлодарда 346 мың шаршы метр аумақта үй салынады

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде тұрғын үй кезегінде тұрған 27 мың адамның санын қысқартып, оларға жайлы қоныс салу үшін жаңа стратегия қабылдау қажет деді. Яғни, үйлердің кімдерге берілетіні, қайда салынатынына және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық берілмеді.

Еліміздің  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті белгілеген жоспарға сәйкес, биыл облыста 346 мың шаршы метр баспана салынады. Облыс  орталығындағы Сарыарқа шағын  ауданының құрылысы басталған уақыттан бері көпқабатты 26 тұрғын үй салынып, жүздеген пәтерлер берілді.

Қазір былтыр қазығы қағылған 4 үйдің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, жаңа 10 үйдің іргетасын қалау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда. Өткен жылы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Достық шағын ауданында  қазір көпқабатты 2 үйдің құрылысы басталды. Биыл бұл  ауданда да тағы 3 үй салына бастайды.

Ал, Екібастұзда 11, Ақсу қаласында 4 үйдің құрылысы басталмақ. Өңірде қабылданған «Nurly Ertis» бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы отбасылар мен жас мамандарды өңірімізге көшіріп әкелу бойынша тиімді болғаны белгілі.

Биыл да бұл бағдарлама жалғасын табады. Екібастұзда салынатын 11 үйдің 9-ы, Ақсуда бой көтеретін 4 үйдің екеуі бағдарлама аясында бой көтереді. Және де «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс  орталығында 14, Екібастұзда 2 және Ақсуда 1 баспана салу жоспарланған. Сонымен қатар, облыс орталығындағы әуежай қалашығы шағын ауданында 37 жеке панельді үйлер бірыңғай сәулеттік кескінге келтіріледі.

Павлодар облысы