Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Қостанай облысында 3 ірі мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтеді

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Қостанай облысы бойынша 22 ауылдық мәдениет ошағы жабылып қалған. Бұған шағын ауылдардағы тұрғындар санының кемуі себеп болып отыр.

Қостанай облысында 3 ірі мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтеді

Ал Науырзым ауданына қарасты Дәмді ауылындағы мәдениет үйі апатты жағдайда тұр. Шалғай елді мекендегі мәдени шаралар мектептің акт залында өтеді. Ауылдың мәдени қызметкерлері әкімдік ғимаратын паналап отыр. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өңірлік мәдениетке бөлінетін қаржы көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Соның арқасында былтыр 7 нысан күрделі, 101 нысан жеңіл жөндеуден өткен. Бұл мәселелер облыстық мәдениет басқармасының кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.

- Өңір мәдениетіне қарасты ғимараттар елді мекендердегі халық санына, қаржылық мүмкіндікке қарай жоспарлы түрде жөндеуден өтіп жатыр. Мәселен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 96,1 миллион теңгеге Денисов аудандық мәдениет үйі толық жаңартылды. Биыл Лисаков қаласындағы мәдениет және спорт орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Қостанайдағы тарихи-өлкетану музейі мен облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ғимараты да жөндеу жұмыстарын керек етеді. Бұған биыл жалпы құны 40 млн теңгеге жуық жобалық смета құжатын дайындаймыз, - деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Сонымен қатар жиында мәдениет саласындағы кадр тапшылығы туралы мәселе көтерілді. Басқарма басшысының айтуынша, жастар ауылдық мекендерге баруға құлықсыз. Бүгінде облыстың мәдениет саласында үш мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың қатары соңғы екі жыл ішінде 68 жас маманмен толыққан.  Бірақ Жанкелдин, Ұзынкөл аудандарына бірде-бір маман бармаған. Есесіне, облыс орталығына жақын жатқан Федоров ауданының мәдениет саласына11 маман келген. 

 

ҚОСТАНАЙ