Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Қостанай: 900-ге жуық бала кепілдендірілген әлеуметтік пакет алды

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қостанай қаласының әкімдігі мен «Rauzet Сауда» серіктестігінің өкілдері  көп балалы отбасыларға арналған азық-түлік және гигиеналық пакеттерді тапсырды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алғандардың ішінде көп балалы Бекжановтар отбасы да бар.

Қостанай: 900-ге жуық бала кепілдендірілген әлеуметтік пакет алды

- Үлкенім 19 жаста, кенжем  - Томирис  бір жарым жасқа келді.  Сегіз жыл бойына баспана кезегінде тұрып, жатақхананың тар бөлмесінде қиналып келіп едік. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанаға да қол жеткіздік. Енді, міне, әлеуметтік пакетті үйге жеткізіп беріп жатыр. Қоржыны бай екен. Алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді бес баланың анасы Гүлмира Бекжанова.

Мектепке дейінгі балаларға арналған әлеуметтік пакет баланың жас ерекшелігіне байланысты екі санатқа бөлінген. 1-3 жас аралығындағы сәбилерге  арналған пакетте ультрапастерленген сүт, тәтті піспе нан, жүгері және жарма ұнтағы, гипоаллергенді ботқа, ал  3-6 жас аралығындағы балаларға макарон, күнбағыс майы, гематоген, таңертең ішетін сүт түйіршіктері, бал бар.

Гигиеналық пакетте балаларға арналған крем, сабын, тіс пастасы, сусабын, тіс щеткасы мен кір жуатын ұнтақ бар екен. Олар әр отбасына тоқсанда бір рет берілетін болып шықты.

– Облыс орталығы бойынша 1-ден 6 жасқа дейінгі 891 бала тамақ өнімдері мен гигиеналық құралдары бар пакет алады. Әлеуметтік пакет балаға 10 күннің ішінде жеткізілетін болады, – деді қала әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Ақбөпе Манатова.

 

ҚОСТАНАЙ