Классикалық музыкаға екінің бірінің жүрек жұтып бара бермеуінің сыры – мұнда 20-30 минут тартылатын күрделі шығармалар бар. Иоганн Себастьян Бахтың алты сюитасы, әрқайсысы 3-3,5 минут деп есептегенде, 20 минутке жуық орындалады, Роберт Шуманның Адажио және Аллегросы – 10 минут, ал П.И.Чайковскийдің рококо тақырыбына вариациясы 18 минуттен асады. Шындығында мұнан да көлемді дүниелер бар. Бірақ бұл үш шығармаға айрықша тоқтап отырған себебіміз, мұндай ірі музыкалық мұраларды үзбей, қатарынан бір аспапта шалқыту – өте сирек құбылыс. Әлемдік деңгейдегі белгілі тұлғалардың өзі үлкен кештерде классикалық шығармалардың ең қысқа нұсқаларын орындайды немесе қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін мейлінше жеңіл формаларды таңдайды. Ал Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты Бекарыс Құсанбектің ерекше мәнері – классикалық күрделі туындыларды виолончель аспабында нотаға қарамай шебер орындай алуында.
Қазақ ұлттық музыка өнерінде соңғы жылдары виолончель аспабына аса мән беріліп, қазақтың өрімдей жастары халықаралық додаларда топ жарып жүр. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат пен Өнер университеті жанындағы музыкалық мектепті бітіріп, Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі педагог, виолончелистердің «Япурай» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәуле Омаровадан дәріс алған Бекарыс Құсанбек те түрлі өнер бәйгелеріне қатысты. Ресейдің Новосібір, Магнитогорск қалаларында өткен аймақаралық байқаулардың дипломанты атанды. Дегенмен, виолончель аспабы адамнан көп еңбектенуді талап етеді. Сол себепті өнер иесі музыканы өмір бойы оқып-үйренетін түпсіз терең мұхит деп есептейді. Осы жолда ол қазақтың орындаушылық өнерін шет елдерде жоғары деңгейде насихаттап жүрген нағыз майталман музыкашы Ермек Құрманаевтың, сонымен қатар әлемге әйгілі виолончелист, дирижер Мстислав Ростроповичтің, қазіргі музыкашылардан аргентиналық Соль Габетта мен француз Эдгар Мороның шеберлігін өзіне үлгі тұтатынын жасырмайды.
Білмегендіктен көп адамдар виолончельді шетелдік аспап деп қателеседі. Ал шындап келгенде белгілі ғалым-мамандар мұның шығу тарихын қазақтың қара қобызымен байланыстырады. Тіпті төрт ішекті ысқышты аспаптың бас қобыз дейтін екінші атауы тағы бар. Ғылыми еңбектерге сүйенсек те осы сөздің растығына көзіңіз жетеді. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 жж.) «Музыка туралы трактатында» музыкалық аспаптар жөнінде алуан түрлі қызық мәліметтер келтіріледі. Мұнда сол уақыттағы музыкалық аспаптар – сыбызғы, домбыра, сырнай, керней, қобыз, канун, уд, цимбал (чанг), тамбур, рабаб, дабыл, даңғыралар сан қырынан ғылыми тұрғыда сипатталады... ХХ ғасырда Еуропаның белгілі зерттеуші ғалымдары Вернер Бахман мен Слави Дончев те Орталық Азия көшпелі халықтарында ыспалы аспаптардың ең көне түрлері пайда болғандығын жазған. Олар қазақтың қобыз және қырғыздың қияқ, моңғолдың моринхур, хур және хучир, тываның игиль, алтайдың тошпулуур аспаптары туралы айта келіп, скрипка мен виолончельдің тарихын қобыздан таратады. Белгілі композитор, скрипкашы Василий Виноградов та ысқышты аспаптардың отаны – Орталық Азия деп тұжырым жасады. Ғасырлар бойына қобыз аспабы өзінің кескін-келбетін, үнін осылай сан мәрте өзгерте келіп, бар айыбы – сым ішектер тағылып, орындау әдіс-тәсілі өзгерген аспаптарға айналды. Сол секілді қазақтың қазіргі қылқобызы түркілік ысқышты аспаптардың атасы деу де аңыздан гөрі ақиқатқа жақын. Музыка аспаптарының тарихы туралы тереңнен ой қозғайтын өткен ғасыр жазбаларына жиі үңілетін Бекасыл Құсанбек те виолончельді қазақтың өзінің қоңыр үніне ұқсатады. Көз алдымызда көненің көркем сарыны замана үнімен қайта қауышып, көркем саз көкжиекке әсем күй сыйлады.
Қаршыға КҮЛЕН