Таным • 28 Ақпан, 2020

Брест қамалын қорғаған Бекпанов

789 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Брест қамалында қайтыс болған жауынгерлердің бірінің ұрпағы жуырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған ауылында тұратын Бекпановтар әулетіне хабарласыпты. Осыдан кейін бұрын Тереңөзек ауданы құрамында болған осы ауылдан 1940 жылы әскерге кетіп, соғыстың алғашқы күндерінде оққа ұшқан Жұбатқан Бекпанов жайлы жаңа дерек белгілі болды.

Брест қамалын қорғаған Бекпанов

 

1922 жылы туған Жұбатқан Бекпанов 75-атқыштар дивизиясының 34-полкі құрамында болған. Жасанып келген жауға қатты қарсылық білдірген де осы полк болыпты. Бірақ жарағы басым дұшпанның дегені болды. Біздің жерлесіміз Малоритск ауданы Карпин балық шаруашылығы маңында жау қоршауын бұзып өту кезінде қаза табады. Он сегізден енді ғана асқан ол соғыстың бас­талғанына небәрі 3 күн өткенде осылайша оққа ұшты. Әуелгіде бір дерегі анық­талмаған Жұбат­қан жайлы ең алғаш 1971 жылы белгілі болған екен. Сол жылы жергілікті іздеушілер отряды осыған дейін хабарсыз кеткендер қатарында болған сар­баз­­дың аты-жөнін бауырластар зиратынан табады. Бұл хабар Қызылордаға жетіп, Жұбат­қанның інісі Төлепберген мен ағасының ұлы Қуандық Брест жеріндегі зиратқа туған жердің бір уыс топырағын апарыпты. Шаған мектебіндегі пионерлер ұйымының жетек­ші­лері Қаракөз Бәшенова мен Маржан Алдабергенова брестіктерге хат та жазады.

Бірақ сарбазға анасы жазған хат ешкімге белгісіз күйде қала берген. Бір өкініштісі, алыс­тағы ұлына деген сағынышын жарты парақ қағазға сыйғызған Әлима ана жаз­ған хаттың түпнұсқасы сақталмаған екен. Жер­гі­лікті іздеушілер ананың қиырда жүрген ұлына жазған сәлем сөзін орыс тіліне аударып, сондағы музей жәдігерлерінің қатарына қойыпты. Жеңістің 75 жылдығына байланысты қамал маңында соғысқан аталарының дерегін іздегендер хат мәтінін әлеуметтік желіге жариялап отыр.

«...Сыночек, пиши письма нам почаще. Если ты хоть чуть задерживаешься с ответом, начинаю беспокоится о тебе. Мы очень часто вспоминаем о тебе, особенно братик. Соскучился он. Помнишь, дорогой мой, отец умирая говорил что у сына характер сильный, волевой, что из него выйдет толк. Слова своего отца, дорогой сынок, на ветер не бросай. Помни о них всегда. Что еще тебе сказать? Будь здоровым. Будь смелым. До скорой встречи. С приветом, твоя мама Алима. 13 июня 1941 года».

Осы хабардан кейін жауынгер Жұбатқанның Шаған ауылында тұратын аға­­сының баласы Ал­тын­бек­­ке хабарластық. Алтын­бек жауынгер көке­сі­нің есіміне бала кезден қанық болып өскенін айтады. Туыстарының туған жердің топырағын апарып келген сәтін де көрген.

– Әкемнің інісі Жұбат­қан көкем туралы көп естігеніммен оған әжем­нің жазған хаты жаңалық болып отыр бәріміз үшін. Атам тым ерте, ал әжем 1947 жылы қайтыс болыпты. Хат туралы бізге айтпа­ғанына қарағанда, әкем Жамал да бұл жағ­дай­дан хабарсыз болған-ау. Брест қамалын қорғағандардың ұрпағы келер жылы соғыстың басталуына 80 жыл толуына орай шақырып жатыр. Бұл аталар ерлігіне құрмет деп ойлаймын, – дейді Алтынбек.

Алтынбектің өзі кешегі Ауған соғысының ардагері. Соғысты бастан өткерген азамат қиын сәтте еліне қалқан болған қаһармандар ерлігінің елге мұра, ұрпаққа ұран болғанын қалайды.

Қазір өзі туып-өскен Шаған ауылында Жұбатқан Бекпанов атында көше бар. Батыр есімі Малорита қаласы Мелковая гора шатқалындағы Даңқ қорғанына қашалып жазылған. Ол туралы деректер де сондағы «Патриот» музейінде сақталып тұр.

 1

ҚЫЗЫЛОРДА