Экономика • 28 Ақпан, 2020

Дәстүрлі инвестицияның десі артты

581 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Коронавирустың кесірі әлемдік экономикаға айтарлықтай зиян келтіруде. Әсіресе инвестициялық ахуалды тамыршыдай дөп басып айту мүлде мүмкін болмай қалды. Ірі компаниялардың өзі іркіліп, акциялары құнсызданып барады. Таяуда Apple-дің Қытайдағы зауыттары бір аптаға жабылып, салдарынан компания тоқсандық көрсеткіші кемігенін мәлімдеді. Adidas та дүкендерінің уақытша жабылып, тарифтерінің төмендегені туралы хабарлады.

Дәстүрлі инвестицияның десі артты

 

Алтынға оптимизммен қарайды

Эпидемия әсерінен инвесторлар дәстүрлі инвестицияға «қайта оралуда». Ежелден бағалы саналған алтынның құны кейінгі уақытта күрт артып, соң­ғы жеті жылда көте­ріл­меген көр­сеткішке жетті − унциясына 1600 доллар­дан асып жығылды. Лон­дондағы Marex Spectron Group-та бағалы металдар сауда­сына жауап беретін маман Дэ­вид Говеттің айтуынша, қор биржасындағы қаражаттың басым бөлігін алтынға инвестиция­лау тиімді әрі тұ­рақты болмақ. Сақа сарапшылар тарапынан алтын бағасына қатысты нақты шек болуы керек деген пікір жиі айтылғанымен Дэвид Говет ал­тын сияқты дәстүрлі қорлар қы­сылтаяң жағ­дайда инвесторлар үшін қажет екенін айтады.

Алтын бағасының артуына дол­лардың нығаюы да оң ықпал еткен. Bleakley Advisory Group бас инвестициялық дирек­торы Питер Буквардың пайым­дау­ынша, алтын АҚШ доллары­ның «күшеюі» аясында өсіп ке­леді. Ол бағалы металл бағасының тұрақтылығына, са­лын­ған инвестицияның «тағды­рына» қатысты өзінің оптимис­тік көзқараста екенін де айтқан бо­латын. GSB UIB бизнесті талдау ор­талығының сарапшысы, эко­­­но­мист Мақсат Халық алтын құ­­­ны­­ның артуын АҚШ-тың Фе­де­рал­ды резервтер жүйесі­нің соң­­ғы жыл­дар­дағы доллар­дың кілт­­тік пайыздық мөлшер­ле­ме­сін тү­сір­генімен байланыстырып отыр. 

− Бұл құбылыс өткен жыл­дың соңына қарай анық байқалды. Нәтижесінде, Амери­каның құн­ды қағаздарының депозиттік па­йыздық мөлшерлемелері түс­ті. Демек, пайыз төмендесе, алтын­ның бағасы көтеріледі деген сөз. Сондықтан инвесторлардың көші алтынға ауады. Сөйтіп на­рықтағы құнды металдың бәсі жоғарылай түспек. Сонымен қатар Еуропа мен Азияның қор биржаларынан АҚШ-қа ка­питал ағымы байқалады.

Сөйтіп Жапонияның иені мен еуроға қарағанда долларға деген сенімнің жоғары екенін көруге болады. Бұл елдер жеңілдетілген ақша-несие саясатын жүргізеді. Бүгінгі таңда пайыздық мөлшерлемені «0» деңгейіне дейін түсіріп отыр. Бұған қоса көптеген ел долларсыздану саясатын жүргізуде. Бізде де бұл үдеріс байқалады. Ұлттық банк доллардан арылу мақсатында алтынды көбірек сатып алып, резерв ретінде басымдық беріп отыр, − дейді экономист. Алтын саудасының қыза түсуіне әсер еткен бұл факторларға Қытайдағы коронавирустың әсері «жығылғанға жұдырық» болды. М.Халықтың айтуынша, Қытай нарығында тежелу процесі айқын сипат алды.

− Әсіресе қор биржаларында алаңдау­шылық байқалады. Сондықтан инвесторлар сенімді валюта ретінде алтынды таңдап отыр. Құндылығын сан ғасыр бойы сақтап келген сары алтынның әлі де сұранысқа ие екенін көреміз. Тіпті түсетін табыс, кіретін кіріс аз болса да алтын сенімдірек болып тұр, − дейді экономист.

Бұл ретте Қытайдағы індеттің салдарынан юаньның да құнсызданғанына назар аударған абзал. Инфляция болған жағдайда қарапайым халық ақшасын түрлі жолдармен сақтап қалуға тырысады. Қашанда қаржылық шиеленістер инвесторлардың есін екеу, түсін төртеу етіп, сары уайымға салары түсінікті. Әлбетте, әлемдегі ірі сараптамалық орталықтардың болжамы мен пайымы инвесторлар үшін ауадай қажет. Бұл жолы сақа сарапшылар алтынның «алтын дәуірі» басталғанын айтып отыр.

Қазір нарықтағы алтын бағасы унциясына 1647,9 долларды құрайды. Нью-Йорктің Comex биржасында сәуір фью­черсінің бағасы 5,25 доллар деп белгі­ленді. Күмістің де бағасы өсіп, наурыз­дағы келісім бойынша 0,6%-ға жоға­ры­лады − унциясына 18,25 долларды құ­рады.

Кейінгі уақытта алтынды өкшелеген палладийге да сұраныс жоғарылап келеді. Бұл металдың спот (қолма-қол есеп айырысу) нарығындағы бағасы бірден 8,4%-ға артып, 1 унция − 2849,61 долларға көтерілді. Сөйтіп бұрын-соңды болмаған тарихи рекорд орнатты. Sibanye-Stillwater агенттігінің бағалы металдар жөніндегі директоры Нил Фронман өткен аптада палладийдың бағасы 14%-ға өскенін, тіпті алдағы уақытта палладий мен родий металдарының тапшы болуы мүмкін екенін айтты. Сарапшылар палладий жыл соңына дейін 45 пайызға қымбаттайтынын айтып дабыл қағуда. Бұл екі металл бүгінде автокөлік катализаторларында кеңінен қолданылатынын айта кетейік.

 Алтын-валюта резерві − 29 млрд доллар

Әлемдік дағдарыс экономиканы екі өкпеден қысқан уақытта «алтын-күмісті тас екен» демей, барлық қаражатын бағалы металдармен резерв ретінде сақтайтын мемлекеттер осы бағытқа толайым бет бұруға көшкендей. Бұл көште біз де бармыз. Былтыр жыл соңында Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 29 млрд долларды құрады. Оның ішінде алтын активтер − шамамен 18,9 млрд доллар.

Ұлттық банктің алтын-валюта актив­терінің құрамындағы алтын портфелі былтырғы көрсеткіш бойынша 385,5 тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш World Gold Council келтірген дерек бойынша әлемде 15-орын алды. Портфель тазартылған құйма алтыннан және металл шоттарда орналасқан алтын депозиттерден тұрады.

Алтынның басым бөлігі Ұлттық банк­тің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында сақта­лады. Ал шетелде сақталған алтын­дар туралы ақпаратты қауіпсіздік тұр­ғысынан жариялауға тыйым салынған. Бір анығы Ұлттық қордағы алтын көп­ші­лік ойлағандай АҚШ-та және Францияда сақталмайды екен.

Айта кетерлігі, 2017 жылдан бері елімізде алтын құймалар сатылымға шығарылған. Тазартылған алтынның өлшеуіш құйма халық тарапынан сұранысқа сәйкес дайындалған болатын. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 15 732 дана алтын құймалар сатылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен (3 962 дана) салыстырғанда 4 есеге жоғары. Яғни, халықтың бағалы металды алуға құлшынысы да, сатып алу мүмкіндігі де артып келеді. Бағдарлама шеңберінде алтын құймалар екінші деңгейлі банктер (Қазақстан халық банкі, Еуразиялық банк және Жусан банкі) мен айырбастау пункттері арқылы сатылатынын айта кетейік. Құймалардың сату бағасын екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері дербес белгілейді.