Мен – Кеңес Одағының зұлым саясатының құрбаны болған балқар ұлтының қызымын. Кіндік қаным қазақ даласына тамды. Қасірет шеккен әулеттің төртінші ұрпағымын. Өзімді қазақ қыздарының қатарына қосамын. Жетісудың бір әсем ауылында тудым, көзімді ашып көргенім қазақ даласының көк аспаны, басынан қар кетпеген Алатау, жазиралы жайлау болды. Тіліміз қазақша шықты. Қазақ қыздарымен бірге қуыршақ ойнап бойжеттім. Бізді атамыз Хызыр етегіне орап өсірді.
– Құлындарым, Құдай адамды ұлт пен ұлысқа бөліп жаратқан. Сондықтан әуелі өздеріңнің балқар ұлтының өкілдері екендеріңді ұмытпаңдар. Ал қазақ халқына жеті ұрпағымызға дейін қарыздармыз. Бұл – сендердің туған жер, өскен елдерің. Әрдайым қазақ сияқты адал, кең пейілді ұлтқа бас иіп жүріңдер, – деген өсиетті жиі айтатын еді.
Есейе келе атам маған әулетіміздің басынан кешкен қасіретті тарихты айтып берді. Өз әкесі Әзірет бабам бұл қасіретті тарихты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіңдер деп аманаттаған екен. 1943 жылдың күзінде Қап тауының етегін мекендеген балқар, қарашай, ингуш, чешен, қырым татары мен месхет түрік ауылдарын бір түнде депортациялаған ғой. Мылтық дүмімен қарт пен бала-шағаны арбаға тиеп, еркек пен әйелді жаяу айдап темір жолы бар аумаққа көшірген. Содан жүк вагондорына тоғытып, белгісіз бағытқа жөнелткен. Депортация кезінде аштықтың, аурудың, аяқ астына тапталып қалудың салдарынан жүздеген адам өлген екен. Олардың мүрдесін пойыз аялдаған сайын сыртқа лақтырып, тастап отырыпты. Хызыр атам сол жылдары небір сұмдықты көзімен көрген. Қазір тарихи деректерді қарап отырсам, сол жылдары Қазақстанға балқар, қарашай, ингуш пен чешен ұлтының 507 000 өкілі жер аударылыпты. Бұлар сияқты 110 000 месхет түрігі мен 180 000 қырым татары да қазақ топырағына қоныс аударған.
Біздің әулеттің көрер жарығы бар екен. Атам отырған жүк вагонын Алматы қаласына келіп бірақ ағытқан, жолдағы аштық пен зұлматтан аман қалғандардың аяғы қазақ даласының топырағына тиіпті. Мұнда үдере көшкен жұртты үрпиген бала-шағасымен бірге қазақтар күтіп алыпты. Олар әбден ашыққан, аурудан жүдеген әулеттерді бөліп, ауылдарына әкеліпті. Әзірет бабамның үй-ішін Алматының іргесіндегі ауылға бөліпті. Осылайша бүгін өсіп-өніп іргелі әулетке айналған Хаджиевтер отбасы қазіргі Қарасай ауданынан екінші Отанын тапты.
Бұл – біздің әулеттің соңғы ұрпағы қалғанша ұмытпайтын оқиғасы болса, үнемі қуанып айтатын екінші тарихымыз тағы бар. Сол 1944 жылы Хаджиевтер әулетін панасына алып, қоржын тамының бір бөлмесін босатып беріп, үзім нанымен бөліскен қазақ отбасының кім болғанын білесіз бе? Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қара шаңырағы еді. Әбіш ақсақал мен Әлжан анамыз Әзірет бабамыз бастаған балқар әулетін бауырына басты. Соғыс уақыты, ел аш-жалаңаш кез. Әбіш отағасының өзі де жырғап отырмағаны белгілі. Соған қарамастан Әлжан апа біздің әулеттің балаларын тамаққа тойғызып, үйінің ауызғы бөлмесін босатып беріпті. Құрғақ, таза киім, еденге төсейтін көрпе-төсекке дейін берген. Міне, сол кезден бастап Хаджиевтер әулеті Назарбаевтар отбасымен ағайын, туыстай болып араласып кеткен екен.
Хызыр атам ол кезде небәрі 6 жаста екен. Соғыс заңы бойынша елдегі ер-азаматтың бәрі Отан қорғауға немесе еңбек майданында тер төгуі тиіс. Жер ауып келгендер де бірден қара жұмысқа жегілген. Алты жастағы атам да мал бағуға шыққан. Кішкене баланың атқа мінуі қиын болғасын, Әбіш атай әкемді ертоқымға нық отырғызып, құлап кетпеу үшін аяғын таралғыға таңып қояды екен.
– Үй иелері Әбіш пен Әлжан біздің әулетті ажалдан аман алып қалып, жаңа өмірге жолымызды ашқан аяулы адам болып мәңгілік есімізде қала береді. Ол кезде 6 жаста едім, ауыл балаларымен бірге сиыр, қой бағуға шықтым. Табынды бақташы бағады. Мен оған көмекшімін. Малды атпен жаямыз. Көзден таса болса егінге, шабындыққа түседі. Ізінен қалмайтын едім. Алғашында атқа мінуім қиын болды. Үзеңгіге аяғым жетпейтін. Құлап қала беретінмін. Мұны көрген Әбіш ата миығынан күлді де, аяғымды таралығыға байлап, таңып берді. Содан кейін шауып кеттім, – деп есіне түсіретін сол кездегі өмірін Хызыр атам.
Содан Әзірет бабамның әулеті Әбіш ақсақалдың үйінен өздері тұрғызған тамға көшіп шыққанша бір отбасыдай болған. Бүкіл ауыл жиналып, келген отбасылардың жеке үй тұрғызуына жәрдем берген. Бұл істе Әбіш ата үнемі ақылшы, бастамашы болған. Біздің әулет бірер айда үйдің кірпішін құйып, қабырғасын қалап, екі бөлмелі там салып алыпты. Оның төбесін Әбіш атамыз өз қолымен қамыс шауып әкеліп, жауып беріпті. Қонысқа кірер кезде жұрт мәре-сәре болып, құтты болсын айтып жатқанда Әбіш пен Әлжан өздерінің қызыл бұзауын жетелеп келіп, есік алдына байлапты. Мұндай сыйды күтпеген Әзірет бабам азар да безер болып бас тартқан екен, Әбіш атамыз «Бұл қазақтың дәстүрі ғой. Ырымы осындай. Аз болса да бір шаңырақ астында тұрдық, балаларымыз бір-біріне бауыр басты. Енді бөлек үй болып жатырсың. Бұл біздің сіздерге берген еншіміз...» деген екен. Ол бұзау үлкен сиыр болып өсіп, бұзаулап, малдың басы болыпты. Менің әкем Шәміл Назарбаев әулетінің қамқорлығын, ата салтына адал қасиетіне әлі күнге дейін бас иеді.
Мен қиын кезеңде қазақ даласына келіп, қайырымды жандардың көмегімен аман қалып, үлкен әулетке айналған балқар ұлтының өкілі әуелі Жаратушыға, сосын қазақ бауырларыма бас иемін. Үлкен бабам Әзіретті әулетімен паналатқан Әбіш атамыз бен Әлжан анамызға, атам Хызырдың еңбеке араласып, ат жалын тартып мінуге қол ұшын созған Шамалған ауылының байырғы тұрғындарына, тұтас қазақ халқына шексіз алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесін, оның мемлекет құрудағы еңбегін тарих айқындайды. Мен өз тарапымнан бір кездері Қап тауынан еріксіз жер ауған балқар баласы Әзірет Хаджиевтің аманатына адал ұрпақ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз құрмет пен алғысымды арнап отырмын. Еліміз аман болсын, Елбасымыз жасай берсін!
Фаризат Шәмілқызы ХАДЖИЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
Алматы облысы,
Қарасай ауданы