Облыста болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шаралары дер кезінде және сапалы орындалуда. Су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. «Бүгінгі күнге Шардара су қоймасында - 4185 млн м3 су бар, толуы - 80%, шығып жатқан су көлемі - 400,5 м3/сек. Ал, Көксарай су реттегішінде жиналған су қоры - 1061,88 млн м3 толуы 35%-ды құрап отыр», - деді Нұрғали Сырлыбайұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өңірде орналасқан 40 су қоймасының 18-і республикалық, 17-сі қала, аудандық коммуналдық меншікте болса, 5-уі жекеменшік иелігінде. Яғни қараусыз қалған су қоймалары жоқ. «Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 66 м3/сек су жіберілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ», деді департамент бастығы.
Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілген. Қапталған 53 тонна құм, 584 - шатыр, 4622 - керует, 36 мың адамға арналған төсек - орын дайындалған. Сондай-ақ облыс аумағындағы 26,9 шақырым өзендерде жаға бекіту және арна түзеу жұмыстары жүргізілсе, 29,9 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылыпты. Арық-атыздардың арнасы, каналдар да тазартылған.
Түркістан облысы