Шара барысында Алғыс айту күнінің маңыздылығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық қызметі, қазақстандық құндылықтар талқыланды.
«2016 жылдан бастап осымен бесінші жыл қатарынан 1 наурыз – Алғыс айту күні болып аталып келеді. Бұл – заман талабы туындатқан қазақстандықтар үшін мәні зор мереке. Елбасы айтқандай, бақыт бағалай келгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек барлық асулардан асамыз» деді Жансейіт Түймебаев.
Шара барысында әртүрлі этнос өкілдері еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп, экономикамыздың өрлеуіне ықпал етіп жатқандығы атап өтілді.
«Тұңғыш Президент– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1 наурыз Алғыс айту күні болып белгіленген. Елбасы атап өткендей, Алғыс айту күні ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі деп атап өткен. Бұл бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген мейірімділік, достық пен сүйіспеншіліктің жарқын мерекесі болып саналады. Біздің ортақ елімізге өзара көмек пен қолдау көрсете отырып, шынайы бірлігіміз бен достығымызды айқындайтын, өткен күнімізді еске алатын, жас ұрпаққа үлгі болатын жарқын мерекелердің бірі деп айтамыз» дейді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Дөңгелек үстел барысында жұмысшы кәсіптердің, құқық қорғау органдарының, жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Олар өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді.