Аймақтар • 28 Ақпан, 2020

Көктем – 2020: Қостанай облысында су тасқынына қарсы оқу-жаттығу шаралары өтті

18 реткөрсетілді

Үш күнге созылған оқу-жаттығу өңірдегі су тасқыны қаупі төніп тұрған аудандардың барлығында бірдей  бір уақытта басталды. Әр өңірдегі тасқынға тосқын боларлық жедел қимыл жаттығуларын Қостанайда орналасқан бас штаб бақылап отырды. Іс-шараға азаматтық қорғаныс жүйесінің органдары, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялары, апаттық-құтқару құрылымдары қатысты.

Жаттығу барысында құтқарушылар су тасқыны бола қалған жағдайда халықты жедел құлақтандыру жолдарын пысықтады. Сондай-ақ байланыс жүйелері мен диспетчерлік қызметтердің дайындығы, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық резервтердің қоры тексерілді.

Жергілікті атқарушы органдар өзен жағалауларындағы жырылу қаупі бар жерлердегі бөгеттерді мықтап, эвакуация бола қалған жағдайда тұрғындарды төсек-орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайын реттеді. Жедел қимыл жасақтары су басу қаупі бар өткелдердегі көпірлер мен құбыр арналарын тазалап, құм толтырылған қаптар мен инертті материалдардың  жеткілікті мөлшерде екендігіне көз жеткізді.

Кешенді оқу-жаттығу кезінде жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Тобыл өзенінде мұз астына түсіп кеткен 3 азаматты құтқару операциясын өткізді. «Зардап шеккендерді» құтқару барысында арнайы «Пегас» қайығы  пайдаланылып, өзге де қуатты техника құралдарының мүмкіндігі сыналды.

Су тасқынына қарсы дайындық шараларына «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының өкілдері де ат салысты. Олар құтқарушылармен бірге Жоғарғы-Тобыл су қоймасының гидротехникалық құрылғысының жай-күйі мен тасқын кезеңінде су қабылдау мүмкіндігін бағамдады.

 

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар