Аймақтар • 28 Ақпан, 2020

Таразда Азия елдерінің агрохимиялық форумы өтті

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласында Азия елдерінің сегізінші агрохимиялық форумы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Литва елдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдары мен минералды тыңайтқыштар өндіруші зауыттарының 500-ден астам өкілдері қатысты.

Таразда Азия елдерінің агрохимиялық форумы өтті

Aзия елдері үшін агрохимиялық маңызы бар аталған шара биыл бесінші жыл қатарынан әлемдегі ең үлкен фосфорит бассейні бар, еліміздің химия индустриясын дамыту орталығы болып саналатын Жамбыл облысында ұйымдастырылуда. Форумды өткізуге Минералды тыңайтқыштардың ірі өндірушілері «Қазфосфат», «ЕвроХим», «ҚазАзот» кәсіпорындары мен  «Маркер Групп» ақпараттық-талдау компаниясы ұйытқы болып отыр. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат – агрохимиялық саланың көмегімен топырақтың құнарлылығын, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігі мен тиімділігін арттыру, агрохимиялық өнімнің ішкі сұранысын еселеу. «Біз тек бірлесе жұмыс жасасақ қана агрохимиялық кешен жүйесін одан әрі дамыта аламыз», деді Мұқаш Ескендіров.

Форум жұмысына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. «Химия саласы үшін пайдалы қазбалар қорының 75 пайызы Жамбыл облысында шоғырланған. Бұл орайда өнеркәсіптік өнім экспортының 30 пайызы «Қазфосфат» кәсіпорнының зауыттарына тиесілі. Бұл форум еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытуға айтарлықтай серпін береді деп үміттенемін», деді Бердібек Сапарбаев. Бұдан кейін жамбылдық шаруа қожалық басшысы Хамитолла Байназаров қант қызылшасын өсіру үшін минералды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия мөлшерін ұлғайту, тұқымды күзде емес, көктемгі егіс алдында алу мәселесін көтерді. Сондай-ақ, «АӨК қазақстандық іскерлік кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев «Агроиндустриалды Қазақстан 2030» стратегиялық бастамасы туралы жан-жақты түсіндірді. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев Арман Евниевтің өңірлік кластерлерді құру идеясын қолдады. «Біздің облыстың иелігінде 5-10 гектар жері бар 18 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркелген. Олардың айналым қаражаты, техникалық әлеуеті, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды сатып алу мүмкіндігі жоқ. Біз оларды ірілендіре отырып, кооперативтер құру жұмыстарын жүргізетін боламыз»,  деді Бердібек Сапарбаев.

1

Жамбыл өңірінде биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған агрохимиялық форум агроөнеркәсіптік және агрохимиялық бизнесті жүргізудің озық әдістерін, тыңайтқыштарды қолданудың заманауи әдістерін және агрономиялық ғылымды дамытудың аса маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Форум жұмысы Азия елдерінен келген делегаттардың экскурсиялық саяхатымен түйінделді.

 

Жамбыл облысы