Түркістандағы «Жеңіс» саябағында өткен Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиында облыс аумағында тұратын ұлт пен этнос өкілдерібірге киіз үйдің шаңырағын тіктеп, биікке көтерді.Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген этнос өкілдері қазақ жерін, әсіресе қасиетті топырақты қоныс еткендерін қуанышпен жеткізді. Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов барлық ұлт өкілдерінің біртұтастық пен келісімде бір ортаны мекен етуі ел іргесінің беріктігіне ықпал ететінін жеткізді. «Бүгінгі идеологиялық мәні зор іс-шарада осы өңірде өмір сүріп жатқан ұлт пен этнос өкілдері бас қосып, қазақтың қарашаңырағы – киіз үйді бірге құруға атсалысты. Өткенге - салауат, келешекке – аманат айта отырып, біз келер ұрпаққа үлкен үміт артуымыз керек. Ұрпақтар сабақтастығы, ұлттар арасындағы достық, еліміздің тыныштығы келер буынның еншісінде болмақ»,деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Дидсеев бұл мерекенің бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызына тоқталып, қазақ халқына өзінің айрықша алғысын жеткізді. Облыс басшысы Ө.Шөкеевтің бастамасымен жүзеге асып, қазіргі таңда үлкен қолдауға ие болған «Қамқорлық» бағдарламасы осы шарада да өз жалғасын тапты. Түркістан қаласында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Мерекелік шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен этнос өкілдері ұлттық тағамдардан дәм татып, жастардың өнерін тамашалады.