Қазақстан • 01 Наурыз, 2020

Қазақстан Конституциясына – 25 жыл

3670 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл республиканың қазіргі қолданыстағы Конституциясы қабылданғанына 25 жыл толады. Осы атаулы дата қарсаңында Ақтөбе қаласында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, оған Парламент мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық кеңестің мүшелері және бірқатар елімізге танымал ғалымдар, сондай-ақ әділет, құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты.

Қазақстан Конституциясына – 25 жыл

Тіпті Қазақстанның іргелі аймағының бірінде өткізілген конференцияға көршілес Ресейден де арнайы келгендер болды. Ата-Заңымыздың ел өміріндегі атқаратын баға жетпес маңызы мен рөлі жөнінде айтылған ой-пікірлер мен тұжырымдардың басты желісі төмендегіше өрбіді.

Қай мемлекетте де оның әрбір азаматының ерік-жігері мен таңдауы сол елдің басты Заңы аясында жүзеге асады. Бұл тұжырымның еліміздің Ата-Заңына да тікелей қатысы бар. Конституция қағидаттары сақталған, аяққа басылмаған, құрметтелген әрі ұдайы назарда болған мемлекетте ғана саяс тұрақтылық пен берік ахуал орныға алады. Еліміздің қазіргі саяси-экономикалық даму деңгейі осындай саяси құндылықтарға сәйкес келе алады. Мұның басты арқауы республиканың 1995 жылы қабылданған Конституциясынан тамыр тартады. Еліміздің басты Заңының мемлекет пен қазақстандық қоғамның дамуындағы лайықты орны мен рөлі қашанда жоғары.

Қазіргі кезде ҚР Конституциясы барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің негізіне айнала алғаны анық. Сонымен бірге басты Заң мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнар көзі ретінде де орнығып келеді. Ата-Заңымыздың билік пен халық арасын жақындата түсу жөніндегі атқаратын рөлі де солғын тартып көрген емес. Қазір республикамызда оны тұрақтылық пен демократия кепілі ретінде қабылдайтын азаматтардң қатары жылдын-жылға өсіп келеді. Сондай-ақ еліміздің тыныс-тіршілігіне өрелі өзгерістер әкеле білген 1995 жылы қабылданған Қазақстан Конституциясының құрылымы мен жобасы қалай әзірленгені де ел азаматтарының жадында жүрсе, мұның ешқандай артықшылығы болмас еді. Конференция кезінде бұл мәселе жөнінде де танымдық әсері мол әңгімелер қозғалғаны да басқосудың мазмұнын одан әрі көтере түскендей әсер қалдырды. Яғни бұл жәйтті бір ауыз сөзбен түйіндесек, осынау аса жауапты кезеңде әлемнің 20 дан астам Конституцияларының нұсқалары қарастырылып, оның ең озық тиімді деген тұстары Ата-Заңымызды құрылымдау кезінде назарға алынғаны да атап айтуға тұрарлықтай.

Міне, осылайша арада 25 жыл өткен кезде төл Конституциямыздың басты Ережелері мен тармақтары аясында азаматтардың елімізде өмір сүру мен еңбек ету және дем алу мен денсаулықтарын күту сапасы әлдеқайда жақсара түскені кәміл. Сонымен бірге осы уақыт аралығында ұлтқа пайдасын тигізе алатындай тиімді экономика тетіктері жасақталып, демократиялық қоғамның негіздері қаланғаны да Ата-Заңымыздың тигізген шапағаты деуге толық негіз бар. Сөйтіп Ақтөбе өткізілген кең тынысқа толы конференция республика Конституциясының мұндай артықшылықтары мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі тарқатып берді.