Кеше Астанадағы “Rіxos Presіdent Astana” қонақүйінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев және Словакия Президенті И.Гашпаровичтің қатысуымен Қазақстан — Словакия арасындағы іскерлік форумы болып өтті. Форум аясында әскери зираттар туралы үкіметаралық, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ пен “ZOS-VYVOJ” компаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорынның жарғылық шартына, сондай-ақ Іскерлік кеңес құру туралы келісімдерге қол қойылды.
Бизнес-форумды алғысөзбен ашқан Елбасы мұндай шаралардың екіжақты қарым-қатынастарға үлкен көмегін тигізетіндігін атап көрсетті. Бүгінгі бизнес-форум менің 2007 жылғы Братиславаға ресми сапарымның заңды жалғасы секілді. Сол жолы салық және басқа да салалар бойынша екіжақты қол қойылған құжаттар бүгінгі кездесуімізге негіз болып отыр. Үстіміздегі жылы Қазақстан алдағы 10 жылға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әзірлеп, оның шеңберінде 144 жаңа жобаны аяқтап, оған қоса құны 26 млрд. долларды құрайтын 47 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұның барлығы да қаржылық тұрғыдан және жобалаумен қамтамасыз етілген. Президент еліміздің нені, қашан және қалай жүзеге асыратынымызды, қашан аяқтауымызды нақты білетіндігімізді баса айтты. Елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Соның бірі “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автокөлік жолының салынуы болып табылады. Ел аумағы бойынша 2 700 км. жолды кесіп өтетін құрылыс биылғы жылдан бастап, салына бастамақ. Бұл жобалар үлкен ерік-жігер, талпынысты, сонымен қатар, зор мүмкіндікті қажет ететіні анық, дей келе, Президент словак бизнесмендерін осы жобаларға атсалысуға шақырды.
Еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасына қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көруге шақыру алған Словакия Президенті Иван Гашпарович ризалығын жеткізе отырып, өз тарабынан елімізді “Одесса-Броды” мұнай құбырының салынуына қатысуға шақырды.
Қазақстан Словакия және Еуроодақ үшін Орталық Азиядағы маңызды мемлекет. Сонымен қатар, негізгі әріптес те. Осы орайда Еуропалық комиссия Қазақстан “Одесса-Броды” мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдауы мүмкін бағыттағы жобаны қарастыруда. Бұл жағдайда Словакия елімізге үшінші елдерге мұнай тасымалдауға өз мұнай құбырларын қолдануға бермек деп атап көрсетті Словакия Президенті Иван Гашпарович.
Бүгінде Қазақстан мен Словакия арасындағы инвестициялар 33,5 млн. долларды құрап отыр. Сауда-экономикалық әріптестік өткен жылы 1 094,3 млн. долларды көрсетті. Мәселен, словак капиталының қатысуымен елімізде 16 кәсіпорын жұмыс істеуде. Атап айтсақ, “Нафта Кбел” компаниясы Каспийдің жеңіл мұнайын Балтық жағалауы елдеріне экспорттайтын Атырау қаласындағы “Анако” компаниясының инвесторы болып табылады. Ал соңғы кездері бұл ел Қазақстандағы құрылыс, фармацевтика саласы мен көтерме сауда бағытына қызығушылық танытуда. Еліміз Словакияға мұнай, мұнай өнімдері, металл, мақта, химикаттар экспорттайды. Елге импортталатын негізгі өнімдер мәшине жасау саласының өнімдері, техникалар және жабдықтар, құрылыс материалдары, гербицидтер, дәрілер, азық-түлік өнімдері, полиграфиялық өнімдер, текстиль мен жиһаздар болып келеді.
Форум барысында қол қойылған құжаттардың бірі – “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ пен словакиялық “ZOS-VYVOJ” s.r.o. компаниясымен біріге отырып, дизельді рельсті жылжымалы құрам шығаратын бірлескен кәсіпорынға құрылтайшылық жасау. Жаңа кәсіпорын “Алматы вагон жөндеу зауыты” АҚ базасында құрылмақ. “ZOS-VYVOJ” s.r.o. компаниясы кәсіпорынға 30 млн. доллар көлемінде инвестиция бөліп, соңғы үлгідегі технологиямен қамтамасыз етпек. Дизельді рельсті пойыздар қалааралық бағыттарда жолаушылар тасымалдауға арналады. Сондай-ақ теміржолшыларды жол жөндеу орындарына жеткізуге де пайдаланылатын болады. Бірлескен кәсіпорын жылына 10 жылжымалы құрам шығаруды жоспарлап отыр.
Екінші құжат – Қорғаныс министрлігі мен Словакия Республикасы Үкіметінің арасында “Әскери қабірлер туралы үкіметаралық келісім”. Келісім екі мемлекет аумағындағы әскери қабірлерді анықтап табу мен оларға санақ жүргізу, соғыс құрбандары мүрделерін жерлеуге қатысты мәселелерді шешуге байланысты болып отыр.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.