Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Түркістан: Наурыз мейрамын 12 күн тойлау жоспарлануда

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 14-наурыз күні басталады. Киелі мекенде «Этноауыл» бой көтеріп, Наурыз мейрамын 12 күн бойы тойлау жоспарлануда.

Түркістан: Наурыз мейрамын 12 күн тойлау жоспарлануда

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен апталық лездеме отырысында айтылды. Түркістан төрінде азулы ақындар аламан айтыста бас қосады, дәстүрлі ұлттық ойындар өтеді. Елімізге танымал жұлдыздардың концерттік бағдарламалары, сан алуан байқаулар мен фестиваль, сайыстар ұйымдастырылмақ. Әрине, 12 күннің әрбірін тағылымды да танымды өткізу және жас ұрпақтың санасына ұлттық салт-дәстүрлерді сіңіру  басты мақсаттардың бірі. Осы бағыттағы пікірлер ортаға салынды.

Жиында, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі дала жұмыстары бойынша баяндама жасап, қажетті 37 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп, жер айдау жұмыстары 96% орындалғанын атап өтті. Зиянкестерден келетін қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар да талқыланды. Ал Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһардың даму бағыттарын баяндады.

Бүгінде қалада әкімшілік-іскерлік орталық аумағында 7 қабатты 14 тұрғын үйдің, 12 қабатты 40 тұрғын үйдің, ал «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында  7 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, әкімшілік-іскерлік орталық аумағынан жеке құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен 12 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысын жүрізуде.