Өндіріс қалай құрылды?
Жалпы, отандық автоөнеркәсіп тарихына тоқталсақ, 2003 жылы алғашқы «НИВА» автокөлігі шығарылған болатын. Өндіріс көлемі бар болғаны бірнеше мың бірлікті құраған (2010 жылы ең көбі – 4 мың дана) сол жылдары шығарылатын өнім желісін тек ВАЗ маркасының көліктері құрады. Автомобиль нарығының негізгі бөлігі импортқа тиесілі болды.
Кәсіпорындардың нақты міндеттері мен дамудың негізгі кезеңі 2010 жылы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік тұрғыдан құрастыру туралы алғашқы келісімдерге қол қоюдан басталды. Дегенмен, саланы дамыту жөнінде қабылданған келісімдердің тиімділігі төмен болып, сатылатын отандық автомобильдердің үлесі 2016 жылы тек 26 пайызды құрады. Яғни ынталандырудың жаңа әдістері қажет еді. Осыған байланысты Үкімет қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау секілді саланы ынталандыру шараларын қабылдады. Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы іске қосылды.
Аталған саланы дамытуға «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС стратегиялық әріптесі ретінде СМС-JAC Motors сынды ірі трансұлттық инвесторды тартты. Осының барлығы саланы дамыту, ынталандыру бағдарламалары бойынша жаңа тәсілдерді енгізудің нәтижесінде жүзеге асырылды.
Коммерциялық техника өндірісіне келер болсақ, елімізге жаһандық ойыншылар тартыла бастады. 2005 жылы Қазақстанға келген алғашқы ірі өндіруші КамАЗ болатын. Содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да маркалар өз өндірістерін ашты. Соның нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде салық аударымдары есебінен бюджетті жүйелі түрде толықтыратын, іргелес салаларды есепке ала отырып, ондаған мың жұмыс орны бар тұтас сала құрылды. Автоөндірушілер саны артып, адал бәсекелестік дами бастады.
Бүгінгі таңда машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. 2010 жылдан бастап Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде елімізде шамамен 400 млрд теңгеге 130-дан астам жаңа машина жасау өндірісі іске қосылды. 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорындар өнімнің барлық дерлік түрін шығаруды игеріп үлгерді (жинақтаушы және қосалқы бөлшектерден жоғары дәлдікті техниканы құрастыруға дейін) және мұнай-газ, металлургия, сондай-ақ агроөнеркәсіп секілді экономиканың базалық секторларының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санатының өндірісі қолға алынған. Елімізде 167 автомобиль моделі, соның ішінде 39 жеңіл модель, 22 әлемдік бренд жиналады.
Сала драйвері
Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасында автоөнеркәсіп басым саланың бірі ретінде көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламада әлемдік трендтер Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға ықпал ететіні, оған қоса металлургия, резіңке бұйымдарының өндірісі, шыны өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, электр жабдықтары мен құралдары өндірісі, ҒЗТКЖ және т.б. секілді іргелес салаларды дамытуға да септігін тигізетіні айтылды. Екі бесжылдықта автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласының драйверлерінің біріне айналды. Ірі торапты құрастырудан (DKD) ұсақ торапты құрастыруға (CKD) көшу іске асырылды. Мысалы, шанақтарды дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялар қолға алынды. Қазір елімізде сатылатын автомобильдердің 60 пайызы Қазақстанда шығарылған.
Автоөнеркәсіпті жергіліктендірудің орташа деңгейі 33 пайызды құрайды, ал кейбір үлгілер бойынша ең жоғары деңгейі 50 пайыздан асады. 2010 жылдан бастап өндіріс көлемі 12,5 есеге өсті (2010 жылғы 4 мың бірліктен 2019 жылы 50,4 мың бірлікке дейін). Машина жасаудың жалпы көлеміндегі автоөнеркәсіп үлесі 2010 жылғы 4 пайызға қарағанда 26 пайызға жетті. Өнеркәсіптегі автоөнеркәсіп үлесі 1,9 пайызды құрады. 2019 жылы автомобиль өнеркәсібінде 359,5 млрд теңгеге 50 447 бірлік көлік құралы өндірілді, нақты көлем индексі (НКИ) 162,5 пайызды құрады. Оның ішінде 44 077 жеңіл автомобиль өндірілді, өндіріс өсімі 46,8 пайызды құрады.
Сатылымдағы қазақстандық автомобильдердің үлесі 59 пайызға дейін артты (2018 жылы – 49 пайыз), Қазақстанда ең көп сатылатын автомобиль брендінің 5-нің 4-і отандық өндіріске тиесілі. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2019 жылы 16 332 Hyundai автомобилі (+75,7 пайыз), 14 623 бірлік Lada (+9,8 пайыз) және 5 366 Ravon автомобилі (+912 пайыз) өндірілді. Сондай-ақ бестікке Kia (3683 бірлік) және JAC (2 775 бірлік) маркалары кірді. Елде өндірілген автокөліктердің жартысы дерлік ірі автокөлік өндіруші «СарыарқаАвтоӨнеркәсіпке» тиесілі. Қостанай зауыты өндірісті екі есе ұлғайтып, жалпы сомасы
186 609 млн теңгеге 25 802 данаға дейін жеңіл автомобильдер, жүк көліктері мен автобустар шығарды.
Экспорт нарығы
Ішкі қазақстандық нарықтың шағын көлемін ескере отырып, отандық машина жасаушылар ұзақмерзімді жоспарлауда экспорттық көлемді ұлғайтуды қарастыруы тиіс. Мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобильдер өндірісін ынталандыру тетігі аясында автоөнеркәсіп кәсіпорындарын экспорттық қаржыландыру көзделген. Маркетингтік ілгерілетумен қатар, ел ішінде дайын өнімді тасымалдауға және экспорттық нарықтарда өнімді сертификаттауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу шаралары көрсетіледі. Бұл біздің кәсіпорындарға сыртқы нарыққа қол жеткізуді жеңілдетуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде отандық кәсіпорындар жүргізілетін технологиялық операциялардың санын арттырып, жергілікті үлес пен материалдарды пайдаланып, ірі сериялы өндіріске шығуы тиіс. Сонымен қатар Қазақстанда автокомпоненттік базаны дамыту жоспарлануда. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде экспорт 2018 жылмен салыстырғанда 10 есеге артты. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2 629 автокөлік экспортталды. Автомобильдер көбінесе Ресей Федерациясы мен Өзбекстанға экспортталады. Шетелдік сатылымдардың негізгі бөлігін 2019 жылы JAC (1471), Hyundai (716) және Ravon (442) маркалары құрады. Бұл маркаларға көршілес елдерде маркалардың дистрибьюторлары тапсырыс береді.
Өнеркәсіптік үрдістер
Соңғы жылдары автоөндірушілер жаңа нарыққа қол жеткізу, өткізу желісін кеңейту, жаңа технологиялар алу мақсатында стратегиялық серіктестерді іздестіруде. Кейінгі кезде автомобиль саласын дамытудың негізгі бағыттары отынның жаңа түрлерін пайдалану, жаңа конструкциялық материалдарды қолдану, жайлылықты арттыру есебінен жанармай тұтынуды айтарлықтай төмендету, сапалық және баға белгілері бойынша да, нысаналы мақсаты бойынша да модельдік қатарларды әртараптандыру болды.
Қазақстандық машина жасау экологиялық таза көліктің дамуына байланысты жалпы әлемдік трендтен қалыс қалып жатқан жоқ. 2014 жылы электромобильдердің бірінші партиясы шығарылды, сондай-ақ отандық өндірістің 15 электрлі автобус қолданыста.
Дамыту шаралары
Үкімет саланы ынталандыру бойынша шараларды қабылдады, оның ішінде ҚҚС бойынша артықшылықтар, жеңілдікпен несиелендіру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау тетіктері бар. 2019 жылы маусым айында 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді, бұл машина жасаудың барлық шағын салаларын қамтиды және қолдау шаралары бойынша іс-шаралар кешенін қарастырады. Олар – салық артықшылықтары, қаржылай және шикізаттық қолдау, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқалары.
Кооперациялық байланыстарды дамыту үшін 2019 жылы 3 сәуірде Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасында Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл келесі жобалардағы кооперацияны қарастырады. Айталық, өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы аясында «КамАЗ» ЖАҚ, «АВТОВАЗ» ЖАҚ және «Хендэ Мотор Мануфактуринг Рус» ЖШҚ жүк автомобильдерінің жетекші біліктерінің басты беріліс редукторларын шығару зауытын, құю зауытын және ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығын салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды пысықтау басталды.
Алматы қаласында «Hyundai» жеңіл автомобиль маркасын шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жаңа зауытының құрылысы басталды, оның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, ал екінші кезеңде 45 мың бірлікті құрайды.
СМС-JAC Motors «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС алаңында өндіріс көлемін арттыру және шығаратын автомобильдер желісін кеңейтуден басқа, автокомпоненттер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Қытайлық серіктестерімен ынтымақтастық аясында шиналар мен двигательдер шығаратын зауытты іске қосу жоспарланған, бұл Қазақстандағы автокомпонент базасын дамытуға қуатты серпін бермек. Сонымен қатар Денсаулық сақтау мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлері Қазақстан Республикасында санитарлық көлікті жаңарту бойынша Жол картасын бекітті, бұл санитарлық көлікті лизингтік қаржыландыру тетігі есебінен жаңартуға мүмкіндік береді. Жол картасына сәйкес облыс әкімдіктеріндегі, республикалық маңызы бар қалалардағы денсаулық сақтау басқармалары үшін лизингтік қаржыландыру шарттары мынадай: лизинг мерзімі 5 жыл, сыйақы мөлшерлемесі отандық тауар өндірушілер үшін 7 пайыздан аспайды, аванс төлемі қарастырылмаған, жеңілдік ұсынылатын кезең 12 айға дейін. 2019 жылы 800 жедел жәрдем көлігіне және 2019-2020 жылдары 18 жылжымалы медициналық кешен үшін 10 млрд теңге бөлінді.
Өндірушілерді қолдау
Автоөндірушілерге өңдеу өнеркәсібіндегі басқа кәсіпорындармен қатар арнайы инвестициялық келісімшарттар аясында салық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Бұл шаралар жеңілдікті несиелендіру бағдарламаларымен қатар автокөлік құралдарының қазақстандық экологиялық таза өндірісін дамытуды ынталандырады. Қазақстанда экологиялық таза көлік құралдарының шығарылуына байланысты, 2018 жылдан бастап автоөндірушілер толығымен бесінші экологиялық сыныпқа көшті, соның ішінде коммерциялық техниканы дайындауда да электрмобильдер өндірісі игерілді.
Экологиялық таза көлік құралдарын өндіруде (Еуро-4 және одан жоғары экологиялық кластарға сәйкес келетін, электрдвигательдері бар) және өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім аясында жергіліктендіруді кезең-кезеңмен арттыру бойынша талаптарды орындау кезінде өндірушілер өндірістік процестер бойынша шығындардың орнын толтыру түріндегі ынталандыруға үміткер бола алады. Автомобиль өнеркәсібінің жергіліктендірілуінің орташа деңгейі 33 пайызды құрайды, жекелеген модельдер бойынша ең жоғарғысы 50 пайыздан асады. Ынталандырушы дамыту шараларымен бірге жергілікті қамту үлесі мен өндіріс көлемін арттыру шығарылатын көлік құралдарының құнын төмендетуге бағытталған.
Өңдеу өнеркәсібін қолдаудың жалпы шараларынан басқа, жеңілдікпен автонесиелендіру және жеңілдікті лизинг бағдарламалары өзінің нәтижелігін көрсетті, соның аясында «БРК-Лизинг» АҚ жұмыс істеген 4 жыл ішінде 50 млрд теңге бөлінді (42 млрд теңге – автонесиелендіруге, 8 млрд теңге – лизингке). 2019 жылғы қазан айынан бастап «БРК-Лизинг» АҚ арқылы Ұлттық банктің жеңілдікпен автонесиелендіру бағдарламасы іске қосылды, сол арқылы 5 жыл бойы 100 млрд теңге бөлу көзделген (жыл сайын 20 млрд теңгеден). Бағдарлама тұрғындар арасында зор сұранысқа ие, бүгінде қаражатты екінші рет игеру жүргізілуде.
Автобус паркін жаңарту
2019 жылдың 12 айында автобус шығару көлемі 2,5 есе өсті (1 076 бірлік). Қосымша ынталандыру ретінде 2018 жылдан бастап қазақстандық өндірістің автобустарын лизингке өткізу бағдарламасы жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен «БРК-Лизинг» АҚ-ға 33,5 млрд теңге бөлінді, бүгінде
1 550 бірлік автобусты жеткізуге қаржыландыру жасалды. «БРК-Лизинг» АҚ мәліметі бойынша, 2020 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында тозған автобустар паркін жаңарту жөніндегі кешенді жоспар аясында 904 Yutong автобусы, 330 Ankai автобусы, 181 Daewoo автобусы, 75 Golden Dragon автобусы және 60 DongFeng автобусы өндірілуде және оның бір бөлігі жеткізілді.
Даму келешегі
Сөз соңында еліміздегі автомобиль саласының дамуы үшін перспективалардың шынымен де жоғары екенін атап өткен жөн. Өйткені отандық автомобиль жасауды дамыту мемлекеттің орташа және ұзақмерзімді жоспарлау бойынша бағдарламалық құжаттарында белгіленген мүдделеріне және басымдықтарына сай келеді.
Биыл Қазақстанда 10-нан астам жаңа автомобиль моделінің өндірісі басталады. Қысқа мерзім ішінде автомобиль өнеркәсібі өнімдерінің жалпы көлемін 100 мың автомобильге дейін жеткізу жоспарланған, соның ішінде 10-15 мыңы – Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Беларуське, Әзербайжанға және басқа да елдерге экспортталады.
Алматы қаласының Индустриялық аймағында қуаты жылына 45 мың бірлікті құрайтын «Hyundai» зауыты ашылды. Жаңа зауыт құрылысына салынған инвестициялар көлемі 25 млрд теңгені құрады. Екінші кезегі және шанақты дәнекерлеу мен бояу технологиялық операциялары орындалатын алғашқы автомобиль өндірісі 2020 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Кәсіпорын 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан өңірлерінде дилер желісін құру шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетін болады.
Биыл қаңтар айының соңында ел Премьер-Министрі А.Маминнің қатысуымен «Узавтосаноат» АҚ және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, сондай-ақ «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС мен «UzAuto Motors» АҚ арасында автомобильдердің машина жиынтықтарын жеткізу туралы шартқа қол қойылды.
Келешекте автомобиль өнеркәсібінде 2021 жылдың басынан бастап көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңа келісімдерге көшу жолымен жергілікті қамту үлесін ұлғайту жұмыстарын жалғастыру, қазақстандық автоөндірушілердің серіктестерімен өндірістік кооперацияны дамыту, соның ішінде автокомпоненттер өндірісі, сондай-ақ электромобильдер өндірісін игеруді жалғастыру көзделген.