Жігіттер машиналары тұрып қалған соң сыртқа шығып, қатып қалған күртік қарға тізелеріне дейін кіріп кетеді. Біраз уақыт қармен алысқаннан түк шықпаған соң олар «112» арнасына қоңырау шалады.
Хабарламаны алған облыстық Полиция департаменті патрульдік полициясының қызметкерлері Жанболат Нағұманов пен Дидар Дүйселеков шұғыл көмекке ұмтылады. Құтқару операциясына Ломоносов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Азамат Сыздықов та қосылады. Бір жарым сағат бойы қалың күртік жолмен жүріп келе жатқан полицейлер екі облыс шекарасында алауды көреді. Дірдектеп тоңған жігіттер запастағы дөңгелекті жағып жылынған екен. «Патрульдік автокөлікпен «Ладаны» шығару мүмкін емес», - дейді патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Уәлихан Оразалин. – «Сондықтан сақшылар жақын маңдағы «Дружба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүгінді. Алайда көмекке келген «УАЗ» көлігі де «Ладаны» сүйреп тартпақ болған кезде өзі қалың қардан шыға алмай қалады. Енді ЖШС директоры Қабиден Үсенов көмекке «John Dir» тракторын жібереді, нәтижесінде екі автокөлік те жолға шығарылды».
Сөйтіп, түркістандық жігіттердің солтүстік өңірдегі жолы бір тәулікке жақын уақытқа созылды. Патрульдік полицейлер оларды Тоқсан би ауылына дейін жеткізіп салған кезде дүйсенбінің таңы атқан еді. Сақшылар жігіттерге жол көрсетіп, өздері кері оралады. Мақсат пен Еркебұлан оларға Көкшетау өңіріндегі Рузаевка селосынан хабарласып, алғыстарын тағы бір мәрте айтты.
Жексенбі күні тағы бір жүргізуші, Қостанай қаласының тумасы Борис Абросимов та полиция қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдіреді. «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тас жолының 341 шақырымында оның «Mercedes» жүк көлігінен ақау шыққан. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция кіші лейтенанттары Дмитрий Кравченко мен Асхат Камалиев сол маңнан өтіп бара жатқан. Олар жүргізушіні көріп, жөн сұрасып, оны жақын жердегі қосалқы бөлшектер сататын дүкенге апарып, көлікті жөндеуге көмектесті. «558 нөмірлі «Лада веста» экипажына ерекше ризамын. Адамгершілігі мол осындай қызметкерлер көп болсын», - дейді Борис Аркадьевич жіберген аудиохабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облысы