Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

«QYZYLJAR» телеарнасына – 60 жыл

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1960 жылы ақпан айында еліміздің қабырғалы қайраткерлерінің бірі Ілияс Омаров Солтүстік Қазақстан облысында обкомның идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы болып тұрғанда осы өңірде алғашқы болып облыстық телевизияны ашқызған. Сол оқиғаға 60 жыл толып отыр.

«QYZYLJAR» телеарнасына – 60 жыл

Мерейтойды ресми түрде атап өту  күз айларына қалдырылғанымен осы жылдарда облыстық арнаға еңбек сіңірген әріптестер бірін-бірі құттықтап,  жұмыс орнындағы қызықты да, қуанышты жылдар мен күндерді еске алуда.

Қазір талантты менеджер Ерлан Тоқшылық басқаратын бұл ұжымның солтүстіктің өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. Республикалық конкурстарға да жиі қатысып, жүлде алып жүреді. Әсіресе, өңірдің жаңалықтары мен экономикалық даму өзгерістерін халыққа алдымен осы ұжымның мамандары жеткізеді.

Кезінде мұнда өзіміз білетін шебер журналистер арасынан Дүйсенбі Әуелбеков, Жарасбай Сүлейменов, Сабыржан Әбілмәжінов, Кәмилә Мұқашева, Нығмет Әбенов, Раиса Бекмұхаметова, Владимир Харин, Александр Яремчук және т.б. ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған еді. Телевидениенің дикторы Бүркіт Бекмағамбетовтың таланты республика көлемінде бағаланып, ол Қазақ радиосына қызметке ауысқан. Ал Владимир Спиридонов, Рахима Жұмабаева сияқты дикторлар Мәскеудегі Орталық теледидардан тағылымдамадан өткен еді. Режиссерлер арасынан Баян Баймұхамбетова, Күннәр Қабдөшева, Елена Богданова, Ләззат Әбішева және тағы басқалар өз істерін жетік меңгерген мамандар болатын. Дыбыс режиссерлері арасынан атақты әнші Кәмилә Әлібаеваны ерекше атауға болады.

Еліміз тәуелсіздігін алған, экономикалық қиыншылық жылдарында ұжымды белгілі ақын Мүтәллап Қанғожин басқарды. Ол мұнда отыз жылдан артық еңбек еткен. Одан кейін ТВ-ға  қазіргі Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман басшылық етті. Сөйтіп, бұл ұжым өз араларынан Ж.Сүлейменов пен К.Мұсырман сияқты екі бірдей Парламент депутатын шығарған.

Қазір ұжым республикалық Қазақстан телеарнасының Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» ТРК деп аталады. Осындай берекелі ұжымға жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.