Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Қостанайда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бақытты отбасы» - толық емес отбасылар мен көп балалы немесе  зағип бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған бағдарлама. Тұрғындардан өтініш қабылдау қалалық әкімдік жанындағы «Қостанай көмек алаңында» бүгін екінші күн жүріп жатыр.

Қостанайда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды

Өтініш берушілер көп. Кеше, тіпті, орталық ашылмай жатып есіктің алдында кезек күткендер қаптап кетті. Бірақ қызмет көрсетушілер үш жерден қабылдап жатқандықтан, кешке дейін барлығы құжаттарын ресімдеп үлгерді, - дейді анықтама бөлімінің қызметкері Әлия Көшмұрзина.  

Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардан 7 түрлі құжат талап етіледі. Оның екеуін «Азаматтарға арналған үкімет» орталығы береді. Тұрғылықты мекенжай туралы анықтама 10 күнге дейін жарамды. Ал өтініш берушінің Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлкінің жоқ екенін растайтын анықтаманың күші 1-ақ күнге жарайды. Құжаттың жарамдылық мерзімінің қысқалығы  жұмысбасты тұрғындарға қолайсыздық  туғызуда.

Өзім мұғалім болып жұмыс істеймін. 4 балам бар. Мұнда талап етілетін құжаттар көп емес, бірақ кейбір құжаттар бір-ақ күнге жарамды. Мысалы, кеше жұмыстан ертерек шығып, «Азаматтарға арналған үкіметтен» тиісті құжаттарды алдым. Бірақ мұнда кезек көп, тіркеліп үлгермедім. Бүгін жұмыстан сұранып, ертерек келіп отырмын, - дейді  кезек күтіп отырған Сәуле Сұрағанова.  

Өтініш жазған тұрғындар әкімдік берген жолдамамен  тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барады. Банк  төлем қабілеті бар азаматтарға 20 жылдық мерзімге несие береді. Бағдарламаға қатысушы үйді өзі таңдап, пәтер құнының  10% -ына шақ мөлшерде бастапқы жарна төлейді.  Жылдық сыйақы мөлшері -  2%.  Бағдарлама бойынша өтініш қабылдау 6 наурыз күні кешкілік аяқталады.  

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір Қостанай қаласында 12 620  отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 230-ы көп балалы,  4 мыңы  толық емес отбасылар.  Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында 114 отбасы баспаналы болған.

 

Қостанай