Аздап тұмауратыңқырап қалдым. Дегенмен сабаққа бару керек. Мектепке вирустан қорғайтын бетпердесіз кіруге болмайды. Маска іздеп Темір жол вокзалының маңындағы 4-5 дәріхананы шарлап шықтым. Ешқайсынан таппадым, - дейді 11 сынып оқушысы Балауса Жүніс.
Облыстың медициналық және фармацевтикалық қызметін бақылайтын департамент маманы Олжас Жиенбаевтың айтуынша, жоғарыда аталған екі желілік аптекалар қазірше қала тұрғындарын медициналық маскамен толық қамтамасыз ете алады. Ал өзге дәріханаларға қашан жеткізілетіні белгісіз. Оны тасымалдаушылар да тап басып айта алмай отыр.
Біз Баймағамбетов көшесіндегі 68-үйде орналасқан «Фармаком» дәріханасына бас сұғып, 20 маска сұрадық. Сатушы бесеуден артық сатылмайтынын айтты. Қазір масканы көптеп алып, оны қымбат бағаға басқа жаққа жөнелтіп жатқан алып-сатарлар көбейіп кетті. Бір адамға бесеуден артық сатылмау себебі – осы. Бір пысық келіп барлық масканы алып кетсе, қалған жұрт не істейді? – деді «Фармаком» филиалының директоры Галина Качина.
Медициналық маскалар «Фармаком» дәріханаларында 50 теңге, «Цветная» дәріханаларында 25 теңге тұрады.
Қостанай