«Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің
жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Өңірдегі шаруа қожалықтарына 1 млрд. теңгенің малын сатуға мүмкіндік берді
Өткен аптаның соңында елімізде тұңғыш рет халықаралық «Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесі болды. Бұл – ұлы Абайдың елінде, Шыңғыстаудың жерінде осыдан 165 жыл бұрын Семей губерниясының Қарқаралы уезінде бастау алған әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің қайта жаңғыруы, жалғасы іспетті еді.
«Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің
жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Өңірдегі шаруа қожалықтарына 1 млрд. теңгенің малын сатуға мүмкіндік берді
Өткен аптаның соңында елімізде тұңғыш рет халықаралық «Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесі болды. Бұл – ұлы Абайдың елінде, Шыңғыстаудың жерінде осыдан 165 жыл бұрын Семей губерниясының Қарқаралы уезінде бастау алған әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің қайта жаңғыруы, жалғасы іспетті еді.
Жәрмеңкеге Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы және еліміздің Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының жетекші мамандары мен кәсіпкерлері келді.
Бар игі жақсысы, өнерпаздары бас қосатын, келелі түйе, үйірлі жылқы, отарлы қой айдалатын жәрмеңке десе қазақтың қаны қызады. Біз де желпініп жеткенде аудан орталығы жанындағы Қарауылтөбе қарақұрым халыққа толы екен. Ақ селеулі далаға ақ шаңқан киіз үйлер қонып, ақ таңнан ән-думанның көрігі, жәрмеңке саудасы қызып сала берді.
Шыңғыстау жәрмеңкесі аудан өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылыммен шымылдық түрді. Ұлтымыздың өткен тарихынан шертілген көріністерді Абай ауылы бастады. Сырбаз басқан жүйріктерімен Біржанның сал-серілері әуелей ән салды. Қазақтың салтанатты салқар көші де барлық жөн-жосығымен найқала басты. Кеңгірбай бидің соңынан Мамай, Тоқтамыс сынды жаужүрек баһадүрлер шеруі шықты. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу сынды ғашықтар жұбы, ұлттық киімнің ғажап сән үлгілерін ұсынған кербез қыз-жігіттер тобы өтті. Биылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров бастаған Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсынов сынды шығыс балуандары шыққанда әлеумет үлкен қошемет көрсетті. Қазақ елінің кеңпейілдігі, ынтымағы орыс-славян, тау халықтары мен ортаазиялық ұлыстардың бір шаңырақ астына жиналуы арқылы көрініс тапты. Салтанатты шеру соңында мейманын ақпен қарсы алатын қазақ дәстүрімен қымыз бен шұбат ұсынылды.
Осылайша, Шыңғыстау жәрмеңкесі асыл тұқымды мал көрмесі-аукционы салтанатты түрде ашылды. Жәрмеңкенің мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын жақсарту және тиімді сату жүйесін ұйымдастыру. Елбасының қолдауымен «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шығыс өңірінде ауыл шаруашылығы жыл өткен сайын ілгерілеп келеді. Қазіргі кезде облыс аумағында 260-қа жуық мал фермалары тіркелген. Жыл сайын республикалық бюджеттен облыстың ауыл шаруашылығына 15-16 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бүгінде өңірде ірілі-ұсақты мал басы 4 миллионнан асады. Асыл тұқымды мал шаруашылығы қатары жүйелі түрде артып келеді. Осы шаруашылықтардан жәрмеңкеге 280 мыңға жуық ірі және ұсақ мал әкелінді.
Соңғы жылдарда өңірдегі өнім көлемінің күрт өсімі байқалады. Мысалы, облыста екі жыл бұрын әр ауданға шаққанда 4 мың тонна ет өндірілетін болса, биыл бұл көрсеткіш 5 700 тоннаға жетті. Әсіресе, 4 жыл бұрын алғаш рет Шығыс Қазақстанда қолға алынған «Жайлау» бағдарламасы малшыларға тиімді болып тұр. Биылдың өзінде «Ертіс» ӘКК көмегімен 8 мың бас мал алуға пайыздық үстемесі төмен несие берілді. Сондай-ақ, Үкімет екі жыл бұрын қабылдаған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облысқа әкелінетін мал саны көбеюде. Өткен жылы б асқа елдерден 11 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелінген.
Шығыс өңірі елімізде ауыл шаруашылығының бірқатар салалары бойынша көшбасшы болып отыр. Мәселен, сүт өндіруде республикада бірінші орынды (жылына 700 мың литр) иеленсе, ет өндіруден екінші орында келеді. Алайда, мал өнімдерін өңдеу және сату мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан, Елбасының ет-сүт өнімдерін экспортқа шығару туралы тапсырмасына сәйкес өңірде шикізатты өңдеу кәсіпорындарын ашу туралы жобалар қолға алынбақ. Сондай-ақ, облыстың брендіне айналған марал және ара шаруашылығына жылына 60-70 млн. теңгеден субсидия беріледі.
Қолөнер бұйымдары мен азық-түлік өнімдері қойылған жәрмеңкеде Катонқарағай, Зырян, Глубокое, Шемонайха, Ұлан сынды ара шаруашылығымен аты мәлім аудандардың бал өнімдері саудаға шығарылған екен. Шемонайхада өндірілген «Алтын май» күнбағыс майы, «Исток молоко» сүті, Катонқарағайдың «Ақсу-дэн» ЖШС панты өнімдері, «Зимовье» омарта шаруашылығының балы өтімді болды. Ат әбзелдері, ұлттық киімдер, сырмақ, қоржын, киізден жасалған бұйымдар, кәдесыйлар, ағаштан жасалған астау, шара және тағы басқа шеберлер мен ісмерлердің бұйымдары көздің жауын алады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, Қарауылтөбенің ауқымды бөлігіне жайғасқан асыл тұқымды мал көрмесі-аукционына 184 мың қой,
4 600 ірі қара, 4 400 жылқы шығарылған екен.
Қуаныш Сүлейменов жетекшілік ететін «Шалабай» ЖШС құрылғанынан бергі жеті жылдың ішінде 50 бас малды 3 мың басқа жеткізіпті. Қызыл және ақ бас тұқымды ірі қара өсіріп отырған шаруашылық басшысы Қазақ мал шаруашылығы-ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, малды асылдандыру нәтижесінде 25 канадалық және жаңазеландиялық герефорд, ангус тұқымдары алынғанын жеткізді. Оның 3 жасар бұқасының салмағы шамамен 800 кг тартады.
Шар қалалық округі Кезеңсу ауылының «Ризат» шаруа қожалығының басшысы Марат Бейсенбаев «Еділбай» қойын саудалап тұр екен. Үш жасар қошқардың салмағы 120 кг тартады, 75 кг таза ет береді.
– Шаруашылықта мың жарым бас қойым бар. Асылдандыру жұмысын өзім жүргіздім. Көмірқара түсті қойлар қысқа төзімді, сойғанда еті аппақ болады. Бір марқаның өзі 25-30 килограмға дейін ет береді, – дейді Марат.
Күршім ауданының Теректі ауылында орналасқан «Қызылащы» шаруа қожалығы басшысы Қуаныш Күдеров жеті жыл бойы асылдандырылған қазақтың жабы жылқысын алып келіпті.
– Жабы жылқысы қысқы тебінге, аязға төзімді. Қазысының елі көп түседі. Келе салып үш бас жылқыны 1 млн. теңгеге саттым. Үкіметтен сатып алушыларға әр жылқыға 118 мың теңгеден қайтарылым беріледі, – деді ол.
Шыңғыстау жәрмеңкесінде барлығы 115 сату-сатып алу келісімшарты жасалды. Мәселен, 404 бас ірі қараға 22 келісімшарт (205 млн. теңге), 53 мың бас қойға 89 келісім (860 млн. теңге) жасалса, 56 бас жылқыға 4 келісімге қол жеткізілді. Жалпы, есепте, 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға 54 мың бас мал сатылды, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Бұл тұңғыш рет өткен жәрмеңке үшін әжептәуір көрсеткіш. Ең қомақты сауда жасағандардың бірі – Алматы облысынан келген «Тау самалы» шаруа қожалығы болды. Аталған шаруашылық Жарма ауданынан асыл тұқымды 4 мың қой сатып алды.
Өңіраралық интеграцияны жандандыруды көздейтін Шыңғыстау жәрмеңкесі алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін ауқымды шараға айналмақ.
Думан АНАШ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.