Бүгінгі күнде өте қажет өнім шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары ең бірінші кезекте медициналық маскалармен әлеуметтік дәріханаларды қамтамасыз ете бастау керектігіне назар аударды.
– Медициналық маскалар шығаратын машина сатып алдық. Оның бір минут ішінде 100-120 дана шығаруға қуаты жетеді. Яғни, біз облыс тұрғындарының инфекциядан қорғаныс қажеттілігін толығымен қанағаттандыра аламыз, – дейді «MФ «Meрей» ЖШС-нің директоры Қанат Наурызбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев медициналық маскаларға сұраныстың барлығын айтты. Қазіргі таңда кәсіпорынның жұмысты бастауға толық дайын екенін де атап өтті ол.
Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Саран қаласындағы жеке гигиена және үй-жайларды дезинфекциялауға арналған антисептикалық заттар шығаратын кәсіпорында да болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.
«Грос Фарм» ЖШС директорының орынбасары Михаил Момчелидзе аталған кәсіпорында шығарылатын өнімнің бағасы қолжетімді екенін айтты.
– Қазақстанда біздікі сияқты төрт өндіріс орны бар. Біздің кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы сағатына 2 мың құты шығаруға жетеді, яғни тәулігіне 1 мың литр өнім өндіреміз. Медициналық мекемелерге өнімдерді өзіміз жеткіземіз және бүкіл Қарағанды облысын дезинфекциялық заттармен толық қамтамасыз ете аламыз, – деді ол.
Кездесу барысында жергілікті өндірушілер облыс тұрғындарын медициналық маскалармен ғана емес, сонымен бірге қолға арналған антисептиктермен де қамтамасыз ете алатындықтарын мәлімдеді.
Қарағанды облысы