Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

БҰҰ үйінде экология мәселесі талқыланды

520 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пластиктен дайындалған өнімдерден адамның ағзасы ғана емес, Жер шарының да демі ентіге бастағанын экологтардың бәрі айтып жүр. Тек 2019 жылы мұхиттардан жағалауға шығып қалған қоқыстар туралы мәліметтер ай емес, апта сайын жаңарып отырыпты. 1960 жылдары тұрмысымызды жеңілдетеді деп қуана патенттеген өнім түрлерінен адамзат енді құтылуға асығып, оны алмастыратын бұйым таба алмай басы қатып отыр.  

БҰҰ үйінде экология мәселесі талқыланды

Бүгін Алматыда жұмысын бастаған  «Пластикпен ластану: шешімдер мен ынтымақтастықты іздеу» конференциясының спикерлері әңгімелерінің әліппесін осы сұрақтардан жауап іздеумен бастады. Іс-шараның ұйымдастырушысы осы саладағы көптеген экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қорының қолдауымен «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» Орталығы» қоғамдық қоры және «Greenwomen» Аналитикалық экологиялық агенттігі. Конференция БҰҰ Даму бағдарламасы мен PAGE «Жасыл экономика бойынша әрекет үшін ынтымақтастық» көмегімен өткізіледі.

Пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, БҰҰДБ, ЮНЕП, ЮНИСЕФ, Алматы әкімдігінің, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің өкілдері қатысты.

Конференция барысында халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға пластикпен ластану әкелетін қауіп, пластикалық қалдықтарды азайту саласындағы халықаралық және аймақтық тәжірибе, пластикалық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі халықаралық заңнама және қызмет, сондай-ақ Қазақстандағы пластик қалдықтарын жинау және өңдеу жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

«ЮНИСЕФ» әріптестік бағдарламалар үйлестіруші Александра Гаскевич пленарлы үзіліс кезінде полиэтилендердің баламасынан туған мәселелер бизнесті те, билікті де толғандырғанын тілге тиек етіп өтті. «Қазір мәселенің түйіні тарқатылды. Облыс орталықтары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалаларында полиэтилендер бұрынғыдай тегін таратылмай, әрқайсысын 5 теңгеден сатылады. Олардан түскен қаржы мақта-мата өнімдерінен дайындалған  экологиялық таза сөмкелер дайындауға жұмсалады. Меніңше, мақта өнімдерінен бұйымдар дайындау Қазақстан үшін қиын емес» деп атап өтті Александра Гаскевич.      

Әлемдік қоғамдастық пен экологиялық ұйымдардың ерекше назарына қарамастан, пластикпен ластану қазіргі заманның маңызды экологиялық проблемаларының бірі болып қала бермек.

Есептік деректер бойынша Қазақстанда 2018 жылы 483 755,5 тонна пластик түзілді. Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, сол жылы 90 079 тонна пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасының қалдықтары сұрыпталды, бұл пайда болған қалдық көлемінің 18%-ын құрайды. Бұл ретте қайта өңдеуге бағытталған пластик қалдықтарының көлемі 17 199 тоннаны құрады, бұл түзілу көлемінің 3%-ын және сұрыпталған пластик көлемінің 19%-ын құрайды. Пластмасса қалдықтарының экспорты 2018 жылы 5 962,5 тоннаны құрады.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полигондарда пластикті көмуге тыйым салынды. Сол жылы полиэтилен пакеттерін ақылы пайдалануды енгізу бойынша меморандум жасалды. Бірақ елде әлі де проблемалар сақталып отыр, олардың ішінде мамандар негізгі мәселелердің бірі ретінде мүдделі тараптардың өзара әлсіз іс-қимылын атайды.

Маңызды мәселелердің бірі қалдықтарды жинау және өңдеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар, жинақтаушылар, қайта өңдеушілер, пластик қалдықтарын қалыптастырушылар арасындағы өзара іс-қимылдың төмен деңгейі болып табылады. Түрлі ұйымдар мен жеке бизнес инновациялық шешімдерді жиі ойлап табады, алайда пластик қалдықтарын жинау мен өңдеуді көздейтін қауіпсіз басқару жүйесінің жаппай таралуына әкелетін синергизм мен ынтымақтастықты құруға ықпал ететін жүйе жоқ.

«Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» деп Айт» жобасы аясында PlastNet желісі құрылды, ол түрлі мүдделі тараптарды біріктіреді және оларға пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамыту үшін құралдар береді», - деп атап өтті «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» Орталығының жобалар бойынша менеджері Юлия Душкина.

Пластик – бұл жаңа өнім өндіруге арналған құнды шикізат, бұл ретте ол бірнеше рет өңделуі мүмкін. Бұл тұрғыда пластикалық қоқыстың көп мөлшерде жиналуы және өңделуі өте маңызды. 2018 жылы Coca-Cola компаниясы қаптаманы өндіру және қайта өңдеуге толығымен қайта қарау ниеті туралы жариялады және 2025 жылға қарай толық қайта өңделетін қаптамаға көшудің жаһандық мақсатын белгіледі, 2030 жылға қарай нарыққа Coca-Cola шығаратын тұтынушылық қаптаманың 100% баламасын жинауға және өңдеуге ықпал етілмек. Бұл мақсаттар «Қалдықсыз әлем» (World Without Waste) қалдықтарды азайту жөніндегі компанияның жаңа стратегиясының орталық элементтері болып табылады.

Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі корпоративтік байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман түсіндіріп өткендей: «Бүгінгі таңда әлемде біздің қаптамамыздың 56%–ы жиналады және өңделеді – бұл негізінен, Еуропа елдерінде және Жапония, ОАР, Мексика сияқты басқа өңірлердің жеке алынған елдерінде жинаудың және қайта өңдеудің жоғары дамыған жүйелері есебінен. Мұндай жүйелердің даму дәрежесі, әдетте, экономикалық әл-ауқат деңгейіне және мемлекет пен индустрияның буып-түю қалдықтарымен проблемаларды шешу үшін жұмсайтын күш-жігеріне байланысты. Табысты жұмыс істейтін жүйелердің бірнеше негізгі өлшемдері бар. Орама қалдықтары үшін жауапкершілік орама өндірушіде және ораудағы өнімдерде толық жатуы тиіс. Бұл өндірушілер өздері – жеке немесе салалық қауымдастық арқылы буып-түю қоқыстарын жинау мен өңдеуді ұйымдастыруы тиіс дегенді білдіреді. Біз Қазақстанда қаптамадағы тауарларды өндірушілер мен импорттаушылар үшін кеңейтілген міндеттемелер жүйесі («ӨКМ») іске қосылғанына өте қуаныштымыз, және өндірушілерден утилизация алымы өндіріле бастады. Біз осы жүйенің тиімді дамуын және жинау бойынша мәлімделген көрсеткіштердің орындалуын көргіміз келеді. Сондай-ақ, бағалы қалдықтар қайталама шикізат болуы үшін қайта өңдеу жүйесін де дамыту маңызды. Мемлекет тарапынан барлық тараптардың тіркелген міндеттемелері мен өкілеттіктері бар нақты реттеу болуы тиіс. Бұл жағдайда елде реттеушілік деңгейде қоқысты бөлек жинауды қамтамасыз ету өте маңызды. Егер бұл барлық азаматтар үшін міндетті болмаса, жүйе жұмыс істемейді».

Естеріңізге сала кетейік, The Coca-Cola Foundation қайырымдылық қоры өткен жылы басталған үш жылдық «Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» деп Айт» жобасын жүзеге асыруды қолдайды. Жобаның мақсаты – пластикалық қалдықтарды жинаудың және оларды қайта өңдеудің үлесін арттыру. Жоба шеңберінде Қазақстанның 6 аймағында (Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл) мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын жақсарту, Экологиялық Кодекстің жаңа редакциясында пластикпен және басқа да қайталама шикізатпен жұмыс істеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды ілгерілету және пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамытудың басқа да маңызды аспектілері бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Конференция сессияларының бірі пластикпен ластану мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар мен бастамаларды әзірлеуге арналған, оның барысында қатысушылар пластикпен ластану мәселелерін шешу үшін нақты шараларды талқылайды. Конференция қорытындысы бойынша мүдделі тараптардың кең ауқымы арасында тарату үшін Резолюция әзірленеді.

 

АЛМАТЫ