Қазақстан • 05 Наурыз, 2020

Мәслихат депутаттарына арналған құқықтық сауаттылық семинары басталды

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігінің» ұйымдастыруымен және «Қазақстан заңгерлерінің одағы» мен Қарағанды қалалық мәслихатының қолдауымен жергілікті өкілді органдардың жұмысын жақсарту мақсатында оқу семинары болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабрлады.

Мәслихат депутаттарына арналған құқықтық сауаттылық семинары басталды

Парламент Сенатының депутаты, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің» төрағасы Төлеубек Мұқашев құттықтау сөзінде бірлестік пен «Қазақстандық заңгерлер одағы» арасында бұдан бұрын Меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Құжат құқықтық мәдениетті қалыптастыру, мәслихат депутаттары жұмысының тиімділігін күшейту және Парламент қабылдаған әлеуметтік маңызы бар заңдардың, сондай-ақ елімізді дамытудың стратегиялық бағдарламаларының негізгі ережелерін түсіндіру барысында олардың халық мүддесін білдіруде кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді.

«Мәслихаттармен тығыз жұмыс басталды. Біз оқу жұмыстарын қолға алып отырмыз. Осындай семинарлар барлық аймақтарда өтетін болады», - деп атап өтті Т.Мұқашев.

Семинарда нормативтік-құқықтық құжаттарды біріздендіру мәселелері қаралды, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Семинар жұмысына «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай, қалалық мәслихат және Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Абай, Осакаров және Бұқар жырау аудандары мен Теміртау және Саран қалалары мәслихаттарының хатшылары қатысты.