Руханият • 05 Наурыз, 2020

Латын әліпбиінің жаңа жобасы талқыланды

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес латын қарпіне негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқаларын ғылыми тұрғыдан қайта сараптау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні келешегі кемел іс ашық жалпыхалықтық талқылау арнасына қарай бағыт алып келеді.

Латын әліпбиінің жаңа жобасы талқыланды

Мұндағы басты мақсат – жаңа әліпбидің кем кетігін екшеп, одан әрі жетілдіре түсу болып отыр. Осы орайда республика деңгейінде оның бірнеше нұсқалары қарастырылып, соның ішінде ең ыңғайлы әрі ең ұтымды деп танылған үш жоба биылғы 2020 жылғы ақпан айында жалпыреспубликалық ашық талқылауға ұсынылғаны мәлім.

Өз заманында латын әліпбиін қолдаған қазақтың белгілі лингивист-ғалымы Құдайберген Жұбановтың кіші отанында бұл мәселеге қатысты ұйымдастырылған басқосулар қызу пікір-таластарға негіз бола білді. Бұған Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының мамандары және филолог-ғалымдар мен мектеп мұғалімдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Тиісті талдаулар мен сараптаулар барысында жаңа әліпбидің орфографиялық, әдістемелік және терминологиялық қырларының кейбір түйткілдері жөнінде ұтымды ұсыныстар айтылды. Бұл ой-тұжырымдар бірлескен жұмыс топтарының ортақ отырысында қолдау тапты. Мұнда жетілдірілген әліпби жобасының ең басты арқаулары талдаулар нысанына айналып, таңбалардың ғылыми негіздемесі мен әріптердің пернетақтадағы орналасу жүйесін одан әрі жетілдіре түсу жөнінде байыпты әңгімелер қозғалды.

Талқылаулар кезінде мектеп мұғалімдері жетілдірілген әліпби жобасын мақұлдап, бұған қатысты өздерінің оң көзқарастарын білдірді. Рас, аталған жоба әзірге қолданысқа енгізіле қойған жоқ. Сондықтан бұған қатысты үзілді-кесілді пікір айтудың өзі сәл асығыстау да болатын шығар. Бұл үшін бірінші кезекте латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпби жобасының өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігін қолданыста дәлелдеу делінетін аса жауапты міндет тұр. Тек сонда ғана жаңа әліпби мемлекет пен қоғамдағы өз орнын таба алады. «Ендігі кезек жазу дағдысында» – десті олар.

Ақтөбеде өткізілген талқылаулар қорытындасы бойынша айтылған ұсыныстар мен пікірлер Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының бірлескен Кеңесіне жолданды.